Қазақстанда көлігіне жалған мемлекеттік нөмір таққан жүргізушілерді түрмеге қамау ұсынылды

Қазақстанда көлігіне жалған мемлекеттік нөмір ілген жүргізушілерге қылмыстық жауапкершілік енгізу ұсынылды. Бастаманы Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек көтерді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Депутат не ұсынды?
Депутаттың айтуынша, жалған нөмір пайдалану мәселесі елде кең тараған әрі ауыр салдарға әкеліп жатыр.
“Осы мәселеден көп адам зардап шегеді. Көптеген жол апатынан кейін тергеу барысында апатты жасаған адамның жалған мемлекеттік нөмір таққаны анықталып жатады”, –деді Бақытжан Базарбек.
Ол мұндай жағдайлар тек Алматыда емес, еліміздің басқа өңірлерінде де тіркеліп жатқанын айтты.
“Ұзақ уақыттан бері тұрғындар, соның ішінде ауқатты азаматтар мен олардың балалары да жалған нөмір пайдаланып жүр. Ал оның зардабын қарапайым халық тартып, мемлекет бюджеті қомақты қаржыдан қағылып отыр”, – деді депутат.
Неліктен жазаны күшейту ұсынылды?
Бақытжан Базарбектің сөзінше, қазіргі заңнама бұл мәселені толық қамтымайды.
“Қылмыстық кодекстің жол қозғалысы ережелерін бұзуға қатысты 345–351-баптары бұл мәселеге жүрмейді. Ал 386-бапта тек мемлекеттік нөмірді қолдан жасап, сатқаны үшін жауапкершілік қарастырылған”, – деді ол.
Қазіргі кезде жалған нөмір пайдалану әкімшілік құқық бұзушылық ретінде қаралады.
“Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 590-бабы (Көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзу) бойынша адамға 15 АЕК (64 875 теңге) көлемінде айыппұл салынады. Демек заң бұзған адам айыппұлын төлейді де, кете береді. Ал мұндай жағдайлардан адамдар қаза тауып жатыр”, – деді мәжілісмен.
Қайталанған жағдайда 20 АЕК (86 500 теңге) айыппұл немесе бір жылға жүргізуші куәлігінен айыру жазасы қарастырылған.
“Бұл құқық бұзушылықты әкімшілік емес, қылмыстық жауапкершілікке ауыстыратын уақыт келген шығар?”, – деді депутат.
ОқыңызІшкі істер министрлігі не деді?
Ішкі істер вице-министрі Санжар Әділов депутат көтерген мәселенің өзекті екенін айтты.
“Расында бұл өзекті мәселе. Көп жағдайда жалған мемлекеттік нөмірлерді күдіктілер мен қылмыстық топ өкілдері мүліктік құқық бұзушылық жасау кезінде пайдаланады”, – деді ол.
Вице-министрдің айтуынша, мұндай жағдайлар жол-көлік оқиғаларында да кездеседі.
“Жол апаттары кезінде жалған нөмір қолдану фактілері тіркеледі. Қазір нөмірді қолдан жасағаны үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Бірақ оны пайдалану мәселесі қосымша қарастыруды қажет етеді”, – деді Санжар Әділов.
Сонымен қатар ол депутаттың ұсынысы қаралатынын айтты.
“Сіздің ұсынысыңыз жұмысқа қабылданды. Қылмыстық заңнаманы қайта қарау аясында біз заңгер-ғалымдармен және мемлекеттік органдармен жұмыс бастап кеттік. Тиісті өзгерістер бірлесіп пысықталады”, – деді вице-министр.
Еске салайық, бұған дейін тамыз айында желіде Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Ерғали Аманбаевтың жол ережесін өрескел бұзған сәті түсірілген видео тараған еді. Кейіннен депутаттың көлігінің мемлекеттік нөмірі де жалған екені белгілі болды. Осылайша сот депутатты әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танып, оған 4 тәулікке қамау және 1 жылға көлік жүргізу құқығынан айыру түрінде жаза тағайындады.
Қазақстан соғыс ардагерлеріне басқа елдермен салыстырғанда көбірек төлейді