Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда ең төменгі жалақыны 150 мың теңгеге дейін көтеру: Сарапшылар қандай қауіптерге алаңдаулы

Ақша купюра
Фото: Stan.kz

Қазақстанда ең төменгі жалақыны кезең-кезеңімен 150 мың теңгеге дейін көтеру жоспары талқыланып жатыр. Экономистер бұл шешім бизнеске қосымша жүк түсіріп, мемлекеттік бюджет шығындарын арттыруы мүмкін екенін айтады. Сондай-ақ, көлеңкелі еңбекақы төлеу тәуекелі де күшеюі ықтимал. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның “Информбюро” жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Бұған дейін Үкіметтің ең төменгі жалақыны кезең-кезеңімен 85 мың теңгеден 150 мың теңгеге дейін көтеру жоспары туралы хабарланған болатын. Алайда бұл жөнінде түпкілікті шешім әлі қабылданған жоқ. Мамандардың пікірінше, бұл жалақыны "конвертпен" төлеу жағдайларын көбейтуі мүмкін.

Қазақстанда ең төменгі жалақы – жұмыс беруші қызметкерге төлей алатын ең төменгі мөлшер. Бұл көрсеткіш соңғы рет 2024 жылы көтерілді. Мамандардың бағалауынша, бүгінде шамамен 1,8 миллион қазақстандық осы деңгейдегі немесе соған жақын жалақы алады.

Экономист Арман Байғановтың пікірінше, ең төменгі жалақыны күрт көтеру жұмыс берушілерге ауыр салмақ түсіреді. Өйткені олар тек жалақыны ғана емес, міндетті әлеуметтік аударымдарды да көбірек төлеуге мәжбүр болады.

"Кейбір жұмыс орындары мен лауазымдар көлеңкелі схемаға ауысуы мүмкін. Себебі оларды штатқа ресми түрде қабылдау жұмыс беруші үшін тиімсіз болады. Сондықтан жалақыны бұрынғыдай конвертпен беруі ықтимал. Мұндай қауіп бар. Қазірдің өзінде, әсіресе ауылдық жерлерде, өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың арасында көлеңкелі еңбек қатынастары көп кездеседі. Ал ең төменгі жалақының өсуі зейнетақы жарналары мен жеке табыс салығының көлемін де арттырады", – деді ол.

Ең төменгі жалақы – тек табыс деңгейін ғана емес, әлеуметтік аударымдар көлемін де айқындайтын көрсеткіш. Мысалы, түрлі жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдердің мөлшері осы көрсеткішке байланысты.  

"Ең төменгі жалақыны медиандық жалақының 50 пайызы деңгейіне жеткізу – өте жақсы идея. Бұл көптеген адамды кедейлік шегінен шығаруға мүмкіндік береді. Бірақ ең төменгі жалақы күрт өссе, онымен бірге әлеуметтік жәрдемақылардың да бірқатарын арттыру қажет болады. Шамамен есептегенде, мұның бәріне қосымша 1 триллион теңгеге жуық қаржы қажет болуы мүмкін. Ал ондай қаражат қазір жоқ әрі оны табу да оңай емес", – деді Арман Байғанов.

Сарапшылар тағы бір тәуекел ретінде инфляцияның күшеюін атайды. Олардың пікірінше, экономикаға қосымша ақша түсуі бағаның өсуіне әкелуі мүмкін. Мұндай жағдайда мемлекет жалақы мен әлеуметтік төлемдерді қайтадан индекстеуге мәжбүр болады.

Осы себепті Үкімет ең төменгі жалақыны кезең-кезеңімен көтеру жолын қарастырып отыр. Сарапшылардың болжамынша, келесі кезеңде ең төменгі жалақыны 90–95 мың теңгеге дейін өсіріп, бұл экономикалық тәуекелдерді барынша азайтуға мүмкіндік береді.

Гүлсезім Мұхатай
Сейсенбі, 30 Маусым, 2026 09:54