Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда бір аптада 1500-ден астам адамды кене шаққан


Елімізде соңғы бір аптада кене шағу дерегі күрт көбейіп, 1515 адам медициналық көмекке жүгінген. Мамандар тұрғындарды сақтық шараларын күшейтуге шақырып отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Қазақстанның қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы дерегінше, кене шаққан жағдайлар бірнеше өңірде жоғары деңгейде тіркелген. Атап айтқанда, Шығыс Қазақстан облысы – 467, Алматы – 425, Алматы облысы – 299 жағдай. Сондай-ақ Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Жетісу және Қостанай облыстарында да тіркелген.

Кене шағуына байланысты 1462 адамға иммуноглобулин егілген. Инфекция жұқтыру қаупін төмендетуге арналған шұғыл профилактика.

Дәрігерлер кене арқылы бірнеше қауіпті ауру тарайтынын ескертеді. Олардың қатарында кене энцефалиті, Лайм ауруы, туляремия, Конго

Қырым геморрагиялық қызбасы, сондай-ақ қайталамалы сүзек пен риккетсиоздар бар. Бұл аурулар бастапқыда тұмауға ұқсас белгілермен – дене қызуы, әлсіздік, бұлшықет ауыруымен байқалады.

Жақында Жамбыл облысы аумағында кене шағудан кейін адам өлімі тіркелді. Мамандардың айтуынша, науқас дер кезінде медициналық көмекке жүгінбеген.

Сарапшылар кене шаққан жағдайда бірден жақын маңдағы медициналық мекемеге жүгінуге кеңес береді. Егер ондай мүмкіндік болмаса, кенені пинцетпен теріге барынша жақын ұстап, жайлап жоғары қарай тарту керек. Оны жаншуға, бұрауға немесе май, спирт секілді заттар жағуға болмайды. Осы инфекция жұқтыру қаупін арттырады.

Кене шаққаннан кейін 30 күн бойы жағдайды бақылау маңызды. Дене қызуының көтерілуі, бас ауруы, әлсіздік, бөртпе, аяқ-қолдың ұюы немесе қозғалыстың бұзылуы байқалса, дереу дәрігерге қаралу қажет. Әсіресе шаққан жердің айналасында сақина тәрізді қызару пайда болса, бұл Лайм ауруы белгісі болуы мүмкін.

Мамандар ең тиімді қорғаныс тәсілі ретінде вакцинацияны және табиғатқа шыққанда қауіпсіздік шараларын сақтауды ұсынады. Атап айтқанда, жабық киім кию, шалбарды шұлыққа салып кию, ашық түсті киім таңдау және репеллент пайдалану қажет. Сонымен қатар серуеннен кейін денені және үй жануарларын мұқият тексеру маңызды. Биыл жылы көктемге байланысты кенелердің белсенділігі әдеттегіден ерте басталған. Алғашқы жағдайлар наурыз айының басында-ақ тіркелген. Мамандар алдағы уақытта да сақтықты күшейту қажеттігін ескертеді.

Еске салайық, бұған дейін Жамбыл облысында кене шаққан ер адам қауіпті безгектен көз жұмды. Шу ауданында ауру жұқтырған малшы дер кезінде екпе алмай, ауруды асқындырып алған. Қазір зиянкес жәндік шаққан үш жүздей адам дәрігерлердің бақылауына алынған. Олардың қанынан қауіпті қызба белгілері табылмапты. Әйтсе де аурудың табиғи ошағы анықталған аймақта геморрагиялық безгектің таралу қаупі басым.

Айым Атамбаева
Сенбі, 09 Мамыр, 2026 13:27