Қазақстанда адамдарға ұқсас гуманоид роботтар өндіріле бастайды
Қазақстанда гуманоид роботтар өндіріле бастайды. Астанада өткен Qazbot Robotics Forum-да таныстырылған жоба аясында елде адамға ұқсас роботтарды құрастырып, олардың технологиясын дамыту жоспарланып отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметінше, Астанадағы жоба Alem.ai алаңында өткен Qazbot Robotics форумында таныстырылған. Гуманоид роботтар мен Embodied AI технологияларын әзірлейтін халықаралық AgiBot компаниясы жобаны қазақстандық тараппен бірге жүзеге асырады. Серіктестік аясында роботтарды құрастыру технологияларын елде дамыту, жергілікті инженерлерді даярлау, зерттеу жұмыстарын жүргізу және осы салаға қажет мамандарды оқыту жоспарланған.
"Біздің міндетіміз – дайын технологиялық шешімдерді енгізумен ғана шектелмей, Қазақстанда өзіміздің инженерлік және ғылыми құзыреттерімізді қалыптастыру. Гуманоид роботтар өндірісі университеттер, ғалымдар мен индустрияны біртұтас технологиялық тізбекке біріктіретін алаңға айналуы тиіс. Бұл – мамандар даярлау мен ғылыми зерттеулерден бастап, технологиялық шешімдерді әзірлеу және оларды өнеркәсіпте қолдануға дейінгі толық цикл. Біз білім, ғылым және өндірісті ықпалдастырудың дәл осындай моделін кеңейтуді көздеп отырмыз", – деді Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек.
Министрліктің мәліметінше, Қазақстанда робототехника мен жасанды интеллект саласына мамандар даярлайтын база қазірдің өзінде бар. Елдегі жоғары оқу орындарында осы бағыттар бойынша 56 білім беру бағдарламасы жұмыс істейді.
Енді университеттер AgiBot компаниясымен бірге гуманоид роботтар саласында зерттеу жүргізіп, студенттер мен ғалымдарды жаңа жобаларға тартпақ. Сондай-ақ роботтарды Қазақстан өндірісіне бейімдеу және осы бағытқа қажетті мамандарды даярлау жоспарланып отыр.
Жобаға Назарбаев Университетінің Ақылды жүйелер және жасанды интеллект институты (ISSAI) да қатысады. Институт гуманоид роботтар мен жасанды интеллект бағытындағы зерттеулерге атсалысады.
Ақмолада 13 жастағы бала көкпар ойнап жүріп, қаза тапты: Туыстары оны атпен қағып өткен адамның жазасыз қалғанына наразы
