Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Qarmet Run 2026 жарысына мыңнан астам адам қатысты

кармет 1

12 шілдеде Теміртауда жаңартылған Qarmet Park саябағының ресми ашылуы өтті. Аумағы 4 гектардан асатын демалыс орны толықтай жаңғыртылып, инфрақұрылымы заманауи талаптарға сай жаңартылды. Мұнда тұрғындардың демалуына, спортпен айналысуына және отбасымен бос уақытын тиімді өткізуіне арналған қолайлы жағдай жасалды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

кармет 2

Саябақта жаңа серуен бағыттары, абаттандырылған демалыс аймақтары, беседкалар, заманауи балалар және спорт алаңдары, сонымен қатар түрлі белсенді демалыс түрлеріне арналған кеңістіктер салынды. Сонымен қатар жарықтандыру жүйесі мен инженерлік коммуникациялар жаңартылып, қоғамдық дәретханалар орнатылды. Су айдындары қалпына келтіріліп, аумақты көгалдандыру жұмыстары жүргізілді.

кармет 3

Саябақты жобалау кезінде барлық жастағы келушілерге жайлы әрі қолжетімді орта қалыптастыруға ерекше көңіл бөлінді. Мұнда спортпен шұғылдануға, отбасылық серуенге, мәдени іс-шаралар өткізуге және ауқымды қалалық мерекелерді ұйымдастыруға арналған арнайы алаңдар қарастырылған. Қайта жаңғырту нәтижесінде Qarmet Park жаңарып, Теміртаудың басты қоғамдық демалыс орындарының біріне айналды.

кармет 4

Күннің басты оқиғаларының бірі Qarmet Run 2026 жаппай жүгіру жарысы болды. Жарыс басталар алдында қатысушылар фитнес-клуб жаттықтырушыларымен бірге жалпы қыздыру жаттығуын жасап, кейін старт сызығына дайын тұрды. Биыл 5 және 10 шақырымдық қашықтықтарға Теміртау, Қарағанды, Астана және Қазақстанның өзге де қалаларынан келген мыңнан астам әуесқой жүгірушілер қатысты.

кармет (8)

Дәстүр бойынша жарысты алғаш болып ерекше қажеттілігі бар спортшылар бастады. Оларға бүкіл қашықтық бойы еріктілер қолдау көрсетті. Арбадағы қатысушылар қатарында Жанна Бакенова, Юрий Ким және Николай Шендеров болды.

"Жаппай жүгіру жарысын өткізу бастамамыз қатарынан екінші жыл халық арасында кең қолдау тауып келеді. Қала тұрғындарының мұндай іс-шараларды асыға күтетінін, спорттық мерекелерге сұраныс бар екенін және адамдардың белсенді әрі көтеріңкі көңіл-күйде уақыт өткізгісі келетінін көріп отырмыз. Былтыр бұл жарыс Металлургтер күніне орай ұйымдастырылса, биыл жаңартылған Qarmet Park саябағының ашылу бағдарламасының бір бөлігіне айналды. Келер жылы Qarmet Run жеке спорттық шара ретінде өтеді деп сенемін", – деді Qarmet компаниясының күрделі құрылыс жөніндегі директоры Алексей Сидоренко.
кармет 5

Жарысқа қатысушыларды Теміртау қаласы әкімінің орынбасары Рауан Таран құттықтады.

"Бүгін, Металлургтер күні қарсаңында, осы ауқымды жүгіру жарысына мыңнан астам адам қатысып отыр. Бұл – біздің қаламыз үшін үлкен жетістік. Теміртау қашанда спорттық дәстүрі қалыптасқан қала болған. Бүгінде тұрғындардың басын қосатын жаңа қоғамдық кеңістіктердің пайда болғаны – аса маңызды оқиға. Мұндай жобалар "Заң мен Тәртіп" идеологиясы мен "Таза Қазақстан" бастамасына сай келеді. Әрі жоба белсенді әрі салауатты өмір салты мәдениетін қалыптастыруға ықпал етеді", – деді ол.
1кармет 6

Теміртау қалалық мәслихатының төрағасы Алексей Ломакин мұндай бастамалар қаланың спорттық дәстүрлерінің дамуына тың серпін беретінін атап өтті.

"Бұл – қала үшін жарқын әрі маңызды шара. Осындай бастамалар Теміртаудағы спорттың дамуына жаңа серпін береді. Саябақты қайта жаңғыртып, жаңа қалалық дәстүрдің қалыптасуына негіз қалаған комбинат басшылығына зор алғысымды білдіремін. Qarmet Run жарысы алдағы жылдары да тұрақты түрде өткізіліп, игі дәстүрге айналсын", – деді ол.
кармет 7

ЛПЦ-3 цехының электрмонтері Максим Рем 5 шақырымдық қашықта ересек жас санаты бойынша ерлер арасында екінші орын алды. Ол жарыстың жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын атап өтті.

"Өте жақсы ұйымдастырылған жүгіру жарысы болды. Нәтиже көрсетуге бар күшімді салдым, соның арқасында жүлдегерлер қатарына ендім. Ұйымдастыру деңгейі жоғары, ал жарыс бағыты маған ерекше ұнады", – деді Максим Рем.
кармет (9)

10 шақырымдық қашықта 39 жасқа дейінгі санат бойынша жеңімпаз атанған Аким Еркебай жарысқа қатысу үшін Астанадан арнайы келген.

"Қазір Астанада тұрамын, математика пәнінен сабақ беремін. Қарағандыдағы досым осы жарысқа қатысуға шақырды. Жүгіру бағыты өте жақсы ұйымдастырылған әрі жолдың айналасында әсем табиғат тамылжып тұр. Жарысқа қатысып, ерекше әсер алдым", – деді ол.
кармет (10)

 

Мәреге жеткен әрбір қатысушыны жанкүйерлер зор қошеметпен қарсы алды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге кубоктар мен грамоталар табысталса, өз қашықтығын сәтті бағындырған барлық қатысушыға естелік медальдар берілді.

Алайда Qarmet Run 2026 жарысының басты нәтижесі секундтар мен хаттамадағы орындар емес, үлкен қалалық мерекенің ерекше атмосферасы болды. Жарысқа әртүрлі жастағы, түрлі мамандық иелері мен дайындық деңгейі әрқилы адамдар қатысты. Оларды спортқа, белсенді қозғалысқа және салауатты өмір салтын ұстануға деген ортақ ұмтылыс біріктірді.

Айым Болатқызы
Дүйсенбі, 13 Шілде, 2026 17:35