Қарашығанақ кен орнында алтыншы компрессор іске қосылды
Бүгін Қарашығанақты кеңейту жобасы аясында жылына 4 млрд текше метр газды кері айдауға қауқарлы 6-компрессор іске қосылды. Салтанатты рәсімге облыс әкімі Нариман Төреғалиев, Энергетика министрлігі, уәкілетті орган – “PSA” ЖШС, серіктес компаниялардың өкілдері және КПО басшылығы қатысты.
Аймақ басшысы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2023 жылдың наурыз айында Батыс Қазақстан облысына жасаған жұмыс сапары аясында мұнай-газ саласын одан әрі дамыту жөнінде нақты тапсырмалар бергенін атап өтті.
“Мемлекет басшысы компанияның өңірдегі әлеуметтік-инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыру және экономикалық өсімді қамтамасыз етудегі үлесін оң бағалады. Мемлекет пен инвесторлар арасындағы тиімді ынтымақтастықтың жарқын көрінісі ретінде бүгін еліміздің мұнай-газ өнеркәсібі үшін маңызды жобаны іске қосып отырмыз. Халықаралық серіктестер, инженерлік-техникалық мамандар мен құрылысшылар, инвестициялық шешімді қабылдауға қатысып, міндеттемелердің сапалы әрі уақытылы орындалуын қамтамасыз еткен өкілетті орган – “PSA” ЖШС Бас директоры, Басқарма төрағасы Бекет Избастин бастаған ұжымға нәтижелі еңбек үшін алғыс білдіремін”, – деді Нариман Төреғалиев.


Айта кетейік, КПО облыста әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобалардың жүзеге асырылуына да елеулі үлес қосып келеді. 2025-2026 жылдары 24 жоба толық аяқталып, пайдалануға берілді. Өзара тиімді ынтымақтастықтың нәтижесінде "Ауыл аманаты" бағдарламасына қатысушы өңір тұрғындары компанияға 1,3 млрд теңгенің өнімін өткізді. Кешенді қолдау шаралары ең алдымен халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталып отыр.

Қазақстан туын балконға ілуге, киімге басуға бола ма? Мемлекеттік рәміздерді қолдану тәртібі қандай