Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қарағанды облысында әкімдік 1 миллион теңгеге iPhone сатып алмақ: Ол не үшін керек

айфон 16 про макс
Фото: ixbt.com

Қарағанды облысындағы Бұқар Жырау ауданында 1 070 689 теңгеге Apple iPhone 16 Pro Max сатып алмақ. Әкімдік Stan.kz тілшісіне шешімді қызметтік қажеттілікпен түсіндірсе, желі қолданушылары мұндай шығынның орындылығына күмән келтіреді.

Қарағанды облысына қарасты Бұқар Жырау ауданында әкімдік аппаратының Apple iPhone 16 Pro Max смартфонын сатып алуға конкурс жариялауы әлеуметтік желіде қызу талқыға түсті. Мәліметке сәйкес, мемлекеттік сатып алу порталында жарияланған лот құны 1 070 689 теңгені құрайды. Құжатта құрылғының техникалық сипаттамалары толық көрсетілген. Онда 512 ГБ жады, 48 Мп камера, OLED дисплей, iOS 18 операциялық жүйесі және басқа да заманауи мүмкіндіктері бар.

айфон 16 про макс
Фото: goszakup.gov.kz

Желі қолданушылары мемлекеттік мекеме үшін мұндай қымбат смартфон сатып алудың қаншалықты орынды екеніне күмән келтіреді. Оқырмандардың кейбірі мұны әзілге айналдырып, "калькулятор үшін керек шығар" деп жазса, енді бірі "әкімнің мобилографына алынатын сияқты" деген болжам айтқан. 

Сондай-ақ басқалары "қызық, мұны кімге алып жатыр өзі?" деп сауал тастаған.

айфон скрин
Фото: threads.com желісінен скрин

Бұқар жырау ауданы әкімінің аппараты iPhone 16 Pro Max сатып алу мәселесіне қатысты түсініктеме берді.

"Біздің мекеме аудан әкімінің жұмысын ақпараттық тұрғыдан қамтамасыз етеді. Халықты атқарылып жатқан жұмыстар туралы дер кезінде хабардар ету маңызды. Осы міндеттерді сапалы орындау үшін техникалық мүмкіндігі жоғары құрылғы сатып алу туралы шешім қабылданды", - деп жауап берді әкімдік.

Әкімдік сатып алу заң аясында жүргізілгенін атап өтті.

"Қаражат аудандық бюджеттік комиссияның шешімімен бөлінді. Сатып алу рәсімі заң талаптарына сай өткізілді. Құрылғы тек қызметтік мақсатта пайдаланылады және мемлекеттік мекеменің теңгеріміне алынып, арнайы инвентарлық нөмір беріледі", - деді әкімдік өкілі.

Айта кетейік, Ақтөбе мен Қызылорда да бюджет қаржысына iPhone сатып алынған. Екі өңірде де мемлекеттік мекемелер қымбат смартфон сатып алуға тендер жариялап, оны аяқтаған. Әңгіме соңғы үлгідегі Apple iPhone 17 Pro туралы. Әуелі, Ақтөбе қаласындағы "Геолог" мәдениет үйі 2026 жылғы 15 сәуірде смартфон сатып алу бойынша хабарландыру жариялаған. Барлығы 7 өтінім түскен. Соңында сатып алу сомасы 950 000 теңге болып бекітілген.

Одан бөлек, Қызылорда облысы Қазалы аудандық қоғамдық даму бөлімі бұдан да қымбат баға ұсынған. 2026 жылғы 11 наурызда жарияланған сатып алу бойынша небәрі 3 өтінім түсіп, смартфон құны 1 150 000 теңге деп көрсетілген.

Екі жағдайда да сатып алу тәсілі бірдей баға ұсыныстарын сұрату әдісі. Яғни, заң талаптарына сай рәсімделгенімен, бюджет есебінен премиум смартфондарға жұмсалған.

Айым Атамбаева
Дүйсенбі, 27 Сәуір, 2026 18:47