Қарағанды облысында жетім балаларды қорлаған отбасы мүшелеріне үкім шықты

Қарағанды облысында асырап алған жетім балаларды қорлады деп айыпталған бір отбасының мүшелеріне қатысты сот процесі аяқталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Ерлі-зайыпты мен олардың туған қызы алты баланы азаптау, денсаулығына ауыр зиян келтіру және ірі көлемде алаяқтық жасау деректері бойынша сотталды. Жәбірленушілер – 2008, 2009, 2011 және 2014 жылы туған балалар.
Резонанс тудырған сот процесі бір жарым жылға жуық уақытқа созылды. 2018 жылы ауыл мектебінің директоры мен оның әйелі алты жетімді қамқорлығына алған. Алайда балалардың бұл отбасында қандай жағдайда өмір сүргені тек бес жылдан кейін белгілі болды.
Іс балалардың әжесі бұрын балалар үйіне өткізілген үш немересін іздей бастағаннан кейін ашылған. Балалар табылған кезде жақындары олардың бірнеше жыл ішінде дұрыс өспей қалғанын көріп, қатты шошыған.
Сараптама кезінде балалардың денесінен көсеу, оқтау және қыздырылған заттан қалған 19-дан 47-ге дейін тыртық анықталған. Бір баланың бас сүйегі зақымданып, кейін басына пластина қойылған. Ол мүгедектік алған.
Тергеу деректеріне сәйкес, балалар жиі аш жүрген, үй шаруасын істеген, мал қараған. Тәртіпке бағынбаған жағдайда оларды аса қатыгездікпен жазалаған. Тіпті балаларға адам төзгісіз әрекеттер жасалғаны айтылды. Сол кезде кәмелетке толмаған қыздары да балаларды жүйелі түрде ұрып-соғып, моральдық қысым көрсеткені анықталған.
Сотта мектеп директорының мемлекеттен балаларға берілген жәрдемақыны букмекерлік бәс тігуге жұмсағаны да белгілі болды.
Сот үш айыпталушыны да кінәлі деп таныды. Отағасы 12 жылға, әйелі 10 жылға бас бостандығынан айырылды. Ал өзін "ханшайым" деп атауға мәжбүрлеген қыздары 4 жыл 8 айға сотталды. Ол қазір университетте оқиды. Қыз бен анасы сот залында қамауға алынды.
Сотталған ерлі-зайыптының кәмелетке толмаған екі баласы енді қорғаншылық органдарына беріледі. Сонымен қатар сотталғандар алты жәбірленушінің әрқайсысына 10 миллион теңгеден моральдық өтемақы төлеуге міндеттелді. Бұдан бөлек, қамқорлық үшін мемлекеттен алған 6 миллион теңгені қайтаруы керек.
Судья Қарағанды облысының прокурорына жеке қаулы шығарып, өңірдегі барлық патронат отбасыларды тексеруді тапсырды. Мақсат – жетім балалардың қандай жағдайда өмір сүріп жатқанын анықтау.
Айыпталушылар үкіммен келіспейді. Олар балалар бәрін ойдан шығарды деп мәлімдеп, апелляциялық шағым түсірмек.
Ал балалар қазір әжесінің қолына берілген. Ол сот үкімін әділ деп санайды.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Қазақстандық әйел топтық зорлаудан кейін 17 жасында бала туған: Ол америкалық ата-ана асырап алған қызын іздеп жүр