Қорқақ па әлде бейкүнә құрбан ба? Соғыс туралы айтудан қорыққан Нұрлан Сабуров жайлы қазақстандықтардың пікірі екіге бөлінді
Қазақстан тумасы және белгілі әзілкеш Нұрлан Сабуров Украинадағы жағдайға қатысты пікір білдірмегені үшін қатаң сынға қалды. Лос-Анджелесте өткізген кезекті концертінде көрермендер әзілкешке сұрақ қойып, соғысқа қатысты пікірін білмек болған. Бастапқыда үнсіз қалған Сабуров көп ұзамай жауап берді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Көрермендердің сұрағынан кейін Сабуров Украинадағы соғыс туралы неліктен үн қатпағанын айтты.
"Егер қорықсаң, солай айт", – деді көрермендердің бірі.
"Иә, дәл солай. Менің отбасым бар, мұны түсінулеріңіз керек", – деді Нұрлан Сабуров.
Концерт алдында көшеге Америкада тұрып жатқан украиналықтар жиналып, Сабуровқа қарсы "Ұят!" деп ұрандатқан.
Кейін әнші және композитор, Потап лақап атымен танылған Алексей Потапенко әлеуметтік желіде Сабуровтың мәлімдемесіне өз пікірін білдіріп, "қорқақ" деп атады.
"Өз тілдеріңді тістеп, үнсіз қалған сендер – әртіс емессіңдер. Әрі қарай не болады? Өз үнсіздіктерің үшін әр концертте, әр түсірілімде жауап бересіңдер. Жалғыз қалғанда өздеріңнің қорқақ және қызметкер екендеріңді түсінесіңдер. Адам болу үшін күш керек. Ал бұл сендерде жоқ", – деді Потап.
Нұрлан Сабуровқа қатысты түрлі пікірлерден кейін медиаменеджер Сырым Иткулов Facebook парақшасында жазба жариялап, жағдайға қатысты өз ойын айтты.
"Ол бүгінгі күнге дейін соғыс туралы мүлде мәлімдеме жасамады, бір ғана күннің ішінде оны путиндік режимнің қорғаушысына айналдырды. Мұны Cancel Culture-дің шектен шығуы деп қарастыруға болады. Сабуровтың ел алдындағы батыл образынан кейін бірінші кезекте соғыс жайлы не айтады деп күтеді. Әсіресе, жастар. Алайда Америкада өмір сүріп жатқан адамдардың қолындағы боқауыз сөз жазылған баннерді көру қызу екен. Сонымен қатар Нұрлан Сабуровтың әлі де Қазақстан азаматы екенін ұмытып кеткендерге", - деді Сырым Иткулов.
Кәсіпкер Жанна Ильичева Facebook-та Сабуровқа қатысты жазба жариялап, әзілкешті сынға алды.
"Бейбіт күнде жұлдыз болып, аспанда жарқырау оңай. Сені жақсы көреді, шапалақтап, гастрольдерге шақырады, концерттеріңде адам лық толы.
Аспанды бұлт торлап, сәуле сөнгенде де жұлдыз болып қалу қиын. Қолыңнан келетін істі жасап, гастрольге барасың, әзілдеріңнің адамдарға ұнайтынын білесің, олар сені көргендеріне қуанышты, сенімен бірге күледі.
Бірақ күтпеген жерден адамдар сенің әзіліңді емес, әлемдегі барлық азаматты толғандырған мәселеге қатысты көзқарасыңды сұрайды. Сен таңқалып тұрсың, мұны күтпедің ғой? Өз аудиторияңды ақымақ, ойланбайтын және селқос үйір деп ойладың ба?
Жоқ, бұлай ойламадың ба? Онда неліктен АҚШ бойынша гастрольге заттарыңды жинағанда бұл жағдайды ойланбадың? Неліктен мұнда келіп, ештеңе болып жатпағандай кейіп таныттың? Сен Inter anna silent Musae екенін ұмыттың. Зеңбіректер сөйлегенде, муза үнсіз қалады.
Сен үнсіз қалуға құқылысың, бірақ сенің жанкүйерлеріңнің де құқығы бар. Сенің көзқарасыңды білуге құқылы. Егер бұл сенде болмаса, қорқып үнсіз қалуды жөн санасаң, үйіңде отыр немесе соғыс емес, тек арнайы операция бар өз еліңде гастрольге шық.
Білесіз бе, мен соғысты жақтап, өз ойын ашық білдіргендерді көбірек құрметтеймін. Ештеңе болмағандай кейіп танытып, үнсіз қалуды жөн көргендерге қарағанда олар адал. Барлығымыз "үнсіз келісімнен соң жерде сатқындық пен кісі өлімі болатынын” жақсы білеміз", - деп жазды Жанна Ильичева.
Айта кетейік, Нұрлан Сабуров – Қазақстан тумасы, ресейлік белгілі әзілкеш. Ол 1991 жылы 22 желтоқсанда Целиноград облысындағы Степногорскте дүниеге келген. Стендап жанрында өнер көрсетіп, мол атаққа кенелді.
2013 жылы алғаш рет ТНТ арнасындағы "Stand Up" шоуының "Открытый микрофон" айдарына қатысты. Телеарнаға шыққан соң өзінің әзілдері мен ерекше стилі арқылы танымалдылыққа ие болды.
2014 жылы Сабуров отбасымен Мәскеуге көшіп барды. Осы кезден бастап "Stand Up" шоуының резиденті ретінде өнер көрсете бастады.
2017 жылы ол Ресей мен Қазақстан қалаларында "IQ" турын өткізді. Ал 2018 жылы өзінің жеке концертін телеарнада түсірген еді. 2019 жылдан бері "Что было дальше?" бағдарламасын жүргізеді.

Астана әкімдігі сенбілікте пластик жинағандарға қағаз салфетка таратқан: Экологтар бұның үлкен қате екенін айтып, дабыл қақты
