Жамбыл облысында сарбаз жансақтау бөліміне түсті: Тоқаев кінәлілерді жазалауды бұйырды
Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли Тоқаевтың Жамбыл облысы Отар ауылындағы әскери бөлімде мерзімді қызметін өтеп жатқан сарбаздың комаға түсуіне қатысты анасының әлеуметтік желілерде жариялаған үндеуімен танысқанын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: RFE/RL
“Мемлекет басшысы болған оқиғаның мән-жайын мұқият зерттеп, кінәлі адамдарды жазалауды талап етті. Президент Қорғаныс министріне армияда мұндай жағдайға жол бермеу қажет екенін ескертіп, тергеу амалдарын бақылауға алуды тапсырды”, делінген Уәлидің жазбасында.
Жамбыл облысы Отар ауылындағы No30212 әскери бөлімінде әскери борышын өтеп жүрген 19 жастағы Нұржігіт Әбділпат қазір ауыр жағдаймен жансақтау бөлімінде жатыр. Анасы Жанна Жаналина ұлын соққыға жығылған деп санайды. Дәрігерлердің айтуынша, сарбаздың жағдайы ауыр.
Нұржігіт әуелде басы айналып, жүрегі айнығанына шағым білдірген.
“Таңертеңгі сапта балам қолын қалтасына салып тұрған. Әріптестерінің айтуынша, оның қалтасында спрей болған... Ал, 7 маусымда ұлым әлсіреп, жүрегі айнып, бас айналғанына шағымдана бастаған.
Маған бейтаныс номерден хабарласып, өзін рота командирімін деп таныстырған адам “Нұржігіт ес-түссіз жансақтау бөліміне түсті. Өздігінен дем ала алмайтындықтан, жасанды аппаратпен жатыр. Уақыт аз, тез жетуіңіз керек деп айтты” дейді анасы бейнежазбада.
“Біз әділдік орнайтынына сенеміз және бұл мәселеге Президентіміз Тоқаев араласады деп үміттенеміз. Осы қиын жолда бізге қолдау көрсетіңіз. Бұл жағдай туралы мүмкіндігінше көп адам білуі үшін осы бейне хабарламаны бөлісіңіз” деді Жанна Жаналина.
Анасының айтуынша, cарбазды 8 маусымда Қордайдағы ауруханаға әскерилер алып келген. Сарбазға пневмония диагнозы қойылған.
Ал, Қорғаныс министрлігі әскери қызметшінің бастапқыда медициналық орталыққа жалпы әлсіздік және дене қызуының көтерілу шағымдарымен жүгінгенін хабарлады.
"Медициналық тексеруден кейін ол Гвардейск қаласындағы әскери госпитальдің жұқпалы аурулар бөліміне жеткізілді, онда әскери қызметшіге екі жақты полисегментальды пневмония диагнозы қойылды, сондықтан ол жедел түрде Жамбыл облысы Қордай ауданының орталық ауруханасына жатқызылды. Бүгінгі күні науқастың жағдайы ауыр деп бағаланып, оған барлық қажетті медициналық көмек көрсетілуде", - делінген хабарламада.
Айта кетейік, Нұржігіт Әбділпатта Шымкенттегі "Авиценна" жоғары медицина колледжінде 1-курста оқып жүрген. Әскерге биыл мамыр айында алынған.