Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Президент елдегі өндіріс орындарын түбегейлі жаңғырту мәселесін қолға алуды тапсырды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев үкімет отырысында өнеркәсіп және құрылыс министрлігінен нәтижелі жұмыс күтетінін айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: Ақорда

“Еліміздегі өндірістің дамуына тың серпін беру қажет. Баршаға түсінікті және тиімді индустрия саясатын жүргізу үшін былтыр жеке министрлік құрылды. Содан бері біраз уақыт өтті, енді жұмыстың нәтижесін көрсету керек. Министрлік саланың даму бағдарын анықтап, инвесторларға жол көрсетуі керек. Озық технологияны қолданатын жаңа өндірістер ашу қажет. Алайда нақты шаралар мен әдіс-тәсілдер дайын емес. Өндірістің дамуына серпін беретін жобалардың тізімі бар, дегенмен, бұл жұмыс та толық аяқталмаған”, – дейді президент.

Мемлекет басшысы аталған өндірістердің экономика құрылымын өзгертуге, еліміздің мықты өнеркәсіптік негізін қалауға және технологиялық өсімді қамтамасыз ету керек екенін атап өтті.

“Әзірге мұның ешқайсысы іске асқан жоқ. Көптеген жобаны қаржыландыру көздері айқындалған жоқ. Мемлекет болашақта еліміздің экономикалық өркендеуіне негіз болатын ауқымды әрі инновациялық жобаларды бірінші кезекте қолдауы қажет. Осы тұста, жұмыс істеп тұрған өндірістерді жаңғыртумен қатар, еліміз үшін мүлде жаңа өндіріс орындарын ашуға баса мән беру керек”, – деді ол.

Президент үкіметтің халықаралық қаржы институттарымен, трансұлттық корпорациялармен және отандық кәсіпкерлермен арадағы сындарлы диалогты нығайту керек екенін еске салды. 

“Жалпы еліміздің болашақтағы индустриялық келбеті қандай болады, қандай кәсіпорындар маңызды рөл атқарады деген сауалдарға жауап болуға тиіс. Яғни уақыттың талабына сай белсенді жұмыс істеу керек. Келесі маңызды міндет бұл – қазіргі өндіріс орындарын түбегейлі жаңғырту мәселесі. Бұл жұмысты, ең алдымен, әбден тозған металлургия комбинаттарынан бастау керек. Өйткені ондағы жағдай өте нашар деуге болады. Себеп – бәрімізге белгілі. Өндірісті дамытуға және жаңғыртуға қажет инвестиция салынбайды. Соның салдарынан дайын өнімнің қосылған құны төмендейді, сапалы жұмыс орындары азаяды”, – дейді мемлекет басшысы.

Ол кей инвесторларды да сынға алды.

“Бұдан бөлек, өндірістің техникалық жағдайына да қатаң бақылау жасап отыру қажет. Кейбір инвестор тапқан табысын тек қалтаға басқанды жөн көреді. Еңбек қауіпсіздігі, экология, өндірісті жаңғырту сияқты маңызды мәселелерге мүлде назар аударылмайды. Мұндай жағдайға бәріміз куә болдық. Сондықтан менің тапсырмаммен Қарағанды комбинаты ұлттық инвесторға берілді. Оған берілуінің басты себебі – инвестордың кәсіпорынды кешенді түрде жаңғыртамын деген ниетінің болуы. Өндірістің жұмысын тоқтатпау және апатты жағдайға жол бермеу үшін кен орнын дереу қалпына келтіру, өндірістік қауіпсіздікті күшейту, материалдық-техникалық базаны жаңарту керек. Сондай-ақ жаңа өндірістер ашып, қосылған құны жоғары тауарлар шығару үшін ауқымды инвестиция тартқан жөн”, – дейді Тоқаев.

Президент жоғары технологиямен сапалы құрыш құю тәсілін меңгеру керегін және мұндай өнімдер көлік жасау өнеркәсібіне және басқа да салаларға қажет екенін атап өтті. Айтуынша, алдағы бес жылда кәсіпорын өндіріс қарқынын барынша арттырып, ТМД-да көш бастап тұрған металлургия комбинаттарының қатарына қайта қосылады.

Мемлекет басшысы индустрия саласында мықты орта кәсіпкерлікті қалыптастыруды маңызды міндеттердің қатарына қосты. Ол бұл мәселені бірнеше рет көтергенін, алайда бұған қатысты жүйелі жұмыс жоспары әлі күнге дейін жасалмағанын тілге тиек етті.

“Қандай басымдықтар болуы керек, кәсіпкерлерге қандай қолдау көрсетіледі деген сұрақтардың жауабы әзірге белгісіз. Жалпы елімізде заманға сай жаңа өндірістер ашуға мүмкіндік жетеді. Мысалы, ірі мұнай-газ және тау-кен компаниялары жер қойнауын игеру кезінде озық технологияны пайдалана отырып, ұлттық экономиканың құрылымын өзгертуге тиіс. Елімізде жол және құрылыс техникасын, энергетика саласына, суару жүйесіне қажет құрал-жабдықтар мен басқа да көптеген дайын өнім шығаруға болады. Мұндай өндірістерді қазірден бастап қолға алмасақ, құрал-жабдық импортына толық тәуелді болып қалуымыз әбден мүмкін. Сондықтан индустриялық саясат инфрақұрылымды жаңғырту және минералды-шикізат кешенін дамыту жоспарына сай жүргізілуі өте маңызды. Осы орайда, еліміз машина жасау саласында біршама табысқа жетті”, – дейді Қасым-Жомарт Тоқаев. 

Ол еліміздегі автокөлік құрастыру анағұрлым күрделі деңгейге өтуі керек екенін айтып қалды.

“Елімізде өңдеу өнеркәсібінің басқа да болашағы зор салаларын дамытқан жөн. Сондай-ақ ішкі нарықтың сұранысын толық өтегеннен кейін бизнесті экспортқа шығуға бағыттау қажет. Мұндай қадам кәсіпкерлеріміздің бәсекеге қабілеті жоғары екенін көрсетеді. Нақты секторды ұзақ мерзімге арналған қаржымен қамтамасыз ету – өнеркәсіп саласын қарқынды дамытудың негізгі шарты. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының активтерін тиімді пайдалану – осы мәселені шешудің бір амалы”, – дейді ол.

Бұл ретте зейнетақы жинағының сақталуын қамтамасыз ету керек екенін айтты. Сол себепті экономиканы әртараптандыруға және индустрияландыруға ықпал ететін жобаларды мұқият іріктеу қажет.

Талқылау