"Президент әр оқиға сайын келіп, тапсырма береді деп күтіп отыруға болмайды": Тоқаев үкімет жұмысын сынға алды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жедел штабтың отырысын өткізіп, комиссия мүшелеріне тиісті тапсырма берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Үкіметтік комиссия мүшелерінің баяндамаларын тыңдаған президент апатты жою және кеншілерді құтқару үшін барлық шараны қабылдауды, сондай-ақ қаза тапқан және зардап шеккен азаматтардың отбасыларына жан-жақты көмек көрсету жөнінде тапсырма берді.
“Сіздердің міндеттеріңіз – адамдармен тікелей жұмыс істеу, кездесу, сондай-ақ жедел топты қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету. Біз қазір қалыптасқан жағдайды түсіндіру, ең бастысы, шешім қабылдау үшін жұмыла жұмыс істеуіміз керек. Жергілікті әкімдік тиісті шешім қабылдауы қажет. Кәсіпорынның сұраныстарына сүйене отырып, қажетті нәрсенің бәрін анықтаңыздар. Үкіметтік комиссия барлық мәселені пысықтауға тиіс. Мен не істеу керек екенін айттым. Әркім өзіне қатысты жұмысты біледі. Министрлер, басшылар өздерінің жұмыс тәсілдерін білуі керек. Президент әр оқиға сайын келіп, тапсырма береді деп күтіп отыруға болмайды. Вадим Борисович Басинге кәсіпорынды басқаруды өз қолына алуды тапсырамын”, – деді Тоқаев.
Еңбек министрі Светлана Жақыпова отырыс барысынла аза тапқан азаматтардың отбасыларына асыраушысынан айрылуына байланысты жәрдемақы тағайындалатынын мәлімдеді. Жәрдемақы көлемі 400-500 мың теңгеден басталып, асырауындағы балалар 18 жасқа толғанға дейін төленеді. Егер балалар жоғары оқу орындарында білім алып жатқан болса, онда 23 жасқа дейін төленеді.