Қазақстанда пошта мен курьер қызметі қымбаттап жатыр: Баға өссе де, тапсырыс көлемі артпаған

Қазақстанда пошта және курьерлік қызметтер айтарлықтай қымбаттағанымен, көрсетілген қызмет көлемі іс жүзінде өспеген. Биылғы қаңтар-маусым айларында бұл салада 42,8 миллиад теңгенің қызметі көрсетіліп, былтырмен салыстырғанда ақшалай өсім небәрі 0,6% болған. Алайда нақты қызмет көлемі 6,5% азайған. Бұл өсімнің негізгі себебі – қызмет құнының қымбаттауы. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Energyprom-ға сілтеме жасап хабарлайды.
Өңірлер арасында ең жоғары өсім Алматы облысында тіркелді. Мұнда пошта және курьерлік қызмет көлемі 65% артып, 1 миллиард теңгеге жеткен. Сонымен қатар Жетісу, Қызылорда және Түркістан облыстарында да оң динамика байқалды. Ал ең үлкен төмендеу Маңғыстау облысында тіркеліп, көрсеткіш 12,5% қысқарған.
Нарықтың басым бөлігі бұрынғыдай екі мегаполисте шоғырланған. Алматының үлесіне 25,2 миллиард теңге немесе нарықтың 58,9%-ы тиесілі болса, Астанада 5,6 миллиард теңгенің қызметі көрсетілген. Екі қала бірге елдегі пошта және курьерлік қызметтердің 72%-дан астамын қамтамасыз етіп отыр.
Маусымда халық үшін пошта және курьерлік қызметтердің бағасы былтырдың осы кезеңімен салыстырғанда 16,6% өсті. Пошта қызметтері 20,4%, ал курьерлік қызметтер 14% қымбаттады. Бағаның ең жоғары өсімі Павлодар облысында байқалды.
ОқыңызАл заңды тұлғалар үшін тарифтер әлдеқайда баяу өсіп, мамыр айында орта есеппен 5% ғана қымбаттаған.
Сарапшылар тарифтердің өсуіне жеткізу қызметтерінің шығындарының артуы әсер етіп отыр деп есептейді. Соның бірі – мопедтерді міндетті тіркеу, техникалық байқаудан өткізу, сақтандыру және жүргізуші куәлігін талап ететін жаңа ережелер. Қуаты 250 ваттан жоғары әрі сағатына 25 шақырымнан жылдам жүретін электрвелосипедтер де осы талапқа бағынады.
Осылайша, қызмет құны өсіп жатқанымен, тапсырыс көлемі көбеймеген. Сондықтан жеткізу компаниялары шығынды тек бағаны көтеру арқылы емес, логистиканы оңтайландырып, қызмет тиімділігін арттыру арқылы өтеуге мәжбүр болуы мүмкін.
Астанада нөсер жаңбырдан кейін әйелдің 35 миллион теңгелік көлігі жарамсыз болып қалды