Полиция иелері ұсталғанымен, Kyzdar.net сайтының неліктен әлі бұғатталмағанын түсіндірді
10 сәуірде әлеуметтік желіде Kyzdar.net сайтының әлі бұғатталмағаны туралы мәлімет тарады. Ішкі істер министрлігі сайттың неліктен жабылмағанын түсіндірді деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Zakon.kz басылымына сілтеме жасап.
Сайттың жабылмағаны жайлы ақпарат egovpress Instagram-парақшасында тарады.
"Қазақстандағы ең үздік стартап Kyzdar.net әлі жұмыс істеп тұр әрі ақылы хабарландырулар үшін ақша қабылдайды. Бұл туралы сол “мамандықтың” өкілі хабарлады. Сайттың админдерін бір ай бұрын ұстаған. Иесі кім екенін анықтау қызық болатын сияқты", – делінген жазбада.
Ал ІІМ өкілдері тергеудің жалғасып жатқанын айтады. Қазір қосымша министрлік пен Қаржылық мониторинг агенттігінің қызметкерлерінен тұратын жедел-тергеу тобы құрылып, компьютерлік-техникалық сараптама тағайындалған.
Сонымен қатар ІІМ сайтты бұғаттау үшін Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне тиісті хат жолдаған екен.
"Сайтты жасаушы тиісті сілтемелер бұғаттағанымен, өз сайтының жаңа домен-сілтемелерін жасайды. Оның үстіне сайттың провайдері шетелдік компания екені анықталды. Бұл компанияға да сайттың жұмысын тоқтату туралы тиісті хат жолданды", – деп мәлімдеді ІІМ баспасөз қызметі.
Айта кетейік, бұған дейін елімізде жезөкшелікпен айналысатын адамдардың жарнамасын жасап, онлайн жеңгетайлықпен айналысқан 11 адамды ұстаған еді. Олар “Kyzdar.Net” интернет-сайты арқылы күн сайын 2 миллион теңгеге дейін пайда түсіріп отырған. Қылмыстық топқа қатысушылардың жалпы ақша айналымы 8 миллиард теңгені құрайды. Сайтқа жыныстық сипаттағы 6 мыңға жуық хабарландыру салынған.