"Пластикалық ота керек": Қарағандыда ит талаған 5 жастағы қыздың анасы көршісінен өтемақы талап етіп отыр
5 жастағы Евгения көршінің ашық тұрған ауласында ойнап жүрген. Бүлдіршін аулда байлаулы тұрған иттің жанына барып, оны ұстамақ болған. Сол сәтте ит қызға тап беріп, бетін талап тастаған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның “Информбюро” бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: Видеодан скрин
Қыздың шыңғырған даусын естіген анасы үйінен шығып, көмекке жүгірген. Ауруханаға жеткізген бетте дәрігерлер баланың бетін сегіз жерден тіккен.
“Үйде жүргенмін, қызымның жан даусын естіп жүгіріп шықтым. Жанында әпкесі болған. Қызымды көріп шошып кеттім. Ең үлкен жарақатының тереңдігі 8 сантиметр. Сосын беті жиі іріңдеп кетеді. Қазір түні бойы жылап шығады. Тек дәрі беріп ұйықтатамыз. Қызымның бетіндегі тыртықтар өмір бойына қалады. Сондықтан пластикалық ота жасату керек”, – дейді Евгенияның анасы Анжелика Морозова.
Ол иттің қожайынынан өтемақы талап етуде. Алайда келіншектің айтуынша, көршісі жауапкершіліктен қашып отыр. Иттің иесі өзін кінәлімін деп санамайды. Керісінше, бұл жағдайдың баланы қараусыз қалдырған ата-ананың жауапкершілігінде екенін айтады.
“Өте арық ит еді, біз оны аяп тамақ беріп жүрдік. Кейін вагонның қасына байлап қойдық. Ол қыз балалармен үнемі жалғыз өзі ойнап жүреді. Ата-анасын көрген жоқпыз. Тамақ ішіп тұрған итті баланың өзі жұлқыған. Біздің кінәміз жоқ. Ит бос жүрген жоқ”, – дейді Елена Квин.
Кішкентай Евгенияның анасының айтуынша, көршісі бастапқы кезде қажетті дәрі-дәрмекті алып беріп жүрген. Бірақ кейін көмектесуден мүлдем бас тартқан. Анжелика Морозова осы бойынша полицияға шағым түсірген. Олар иттің иесіне 36 мың теңге көлемінде айыппұл салған. Ендігі жерде келіншек өтемақы өндіріп алу үшін сотқа жүгінбек. Айтуынша, пластикалық ота жасату үшін 2 миллион теңге мөлшерінде қаржы керек.