Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Менің енді күресетін шамам жоқ": Петропавлда ұзақ жасаған ардагерлер баспана ала алмай жүргендерін айтты

Петропавлда ұзақ жасаған ардагерлер берілуге тиіс пәтерлерін күтуден шаршаған. Оларға облыста әлеуметтік тұрғын үйдің тапшы екенін айтқан. Ал өңірдегі жылжымайтын мүліктің бағас елордадағы бағамен бірдей деңгейге жеткен, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі “Астана” арнасына сілтеме жасап.

Жәнкен Қапарова 25 мамырда 101 жасқа толады. Кеудедегі медальдар тыл еңбеккерінің ауыр өмірін айғақтайтындай. Бала күнінде әке-шешесінен айырылған ол басқа қыз жігіттерге қосылып, жанын аямай егістікте еңбек еткен. Бес бала тәрбиелеп өсірген ардагер тағдырға реніш білдірмейді. Бір қызығы, әйел 12 жылдан бері заңмен белгіленген пәтерін ала алмай жүр. Ол “Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне теңестірілген жәрдемақылар” бойынша мемлекеттік қордан тұрғын үй алуға кезекте тұр. Қазір ұлымен бірге ескі казармада тұратын Жәнкен Қапарова тізімде 1128-ші орында тұр.

“Баспана күтіп жүргеніме 11 жылдай уақыт болды. Қазіргі тұрып жатқан жерімізде қарапайым жағдайлар жасалмаған. Мұнда дәретхана жоқ. Жуынудың өзі үлкен мәселе. Үй саздың үстінде орналасқан. Жауынды күндері ол үнемі суға кетеді. Менің енді күресетін шамам жоқ”,- деді тұрғын Жәнкен Қапарова. 

Көп балалы ана, тыл еңбеккері Жұбай Ахмадиева да мемлекет қорынан баспана күтуде. 90 жастағы зейнеткер қызымен ұзақ жылдар бойы жалдамалы пәтерлерді аралап жүрген. Кезекке екі рет тұрған. 2015 жылдан бастап әлеуметтік жағынан осал топ ретінде кезек күтсе, 5 жылдан кейін қалалық әкімдік көп балалы ана ретінде санатты өзгертуді ұсынды. Бірақ баспана мәселесі әлі шешілмеген.

“Мен 9 баланың анасымын. Оның екеуі қайтыс болды. Қызым екеуміздің пәтер аралап жүргенімізге біршама уақыт болды. Кейде балаларыма кезек-кезек барып тұрамын. Бірақ жасым келген соң шаршаймын әрі олардың да өз отбасылары бар. Балаларымның ешқайсысында жеке баспан жоқ. Мен дәл қазір өзімнің демалып, уайымсыз отыратын бір бұрышым болғанын қалаймын. Баспанаға көмек берілсе екен”, –  деді тұрғын.

Облыс орталығында 15 мың адам әлеуметтік тұрғын үймен қамтамасыз етіледі деп күтілуде. Оның ішінде 274 көп балалы ана, 5 мыңы халықтың әлеуметтік осал топтары санатында. Соңғыларына Ұлы Отан соғысы ардагерлерімен жеңілдіктер теңестірілген ардагерлер кіреді. Тізімде барлығы 141 адам бар.


Талқылау