Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Петропавлда бір күнде екі құбыр жарылып, тұрғындар жылусыз қалды

Петропавл қаласында бір күнде жылу құбырында екі бірдей апат орын алды. Оның салдарын жою жұмыстары әлі жалғасып жатыр. Соның кесірінен Петропавлда қыс ортасында қырықтан астам әлеуметтік маңызы бар нысан мен бірнеше көпқабатты үйге жылу әлі толық берілмеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31 арнаның “Информбюро” бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Фото: видеодан скриншот

Олардың қатарында мектеп пен балабақша да бар. Қалада коммуналдық қызметкерлер күшейтілген жұмыс режиміне көшті. Жұмысшылар жарылған жылу құбырын әлі жамап жатыр. Құбырдан жоғарыға атқылаған ыстық су айналаға жайылып, көшенің бәрі мұз болып қатып қалған. 

“Ыстық су үйге қарай атқылады. Сөйтіп жертөле мен бірінші қабат суға толды. Жертөледе қыс бойы дайындаған көкөніс пен жемістер сақтаулы тұр еді. Енді бәрі далаға кетті”,- дейді Петропавл қаласының тұрғыны Татьяна Тищенко.

Диаметрі 600 милиметр құбыр жарылып, бірнеше нысан жылудан ажыратылды. Ал құбырдан атқылаған су жақын маңдағы сауда үйін де басқан. Соның салдарынан бірінші қабаттағы супермаркеттегі азық-түлік өнімдері бүлініп, тауарлар жарамсыз болып қалды дейді саудагерлер. 

“Кешегі жағдайдан кейін сауда үйі жұмыс істеген жоқ. Өйткені бәрін қайта ретке келтіруіміз керек. Келген шығын миллиондап саналады. Әлі шығынды толық есептеген жоқпыз. Соның салдарынан "Жас өркен" шағын ауданындағы бірнеше баспана жылусыз қалды. Ал нөмірі алтыншы мектепте төменгі сынып оқушыларына сабақ болмады”, - дейді сауда үйінің өкілі Денис Гинергарт.  

Бір күнде болған екі бірдей апаттан елуге жуық нысан жылусыз қалған. Олардың арасында мектеп пен балабақша, көпқабатты тұрғын үйлер бар. Қыстың ортасында істен шыққан құбырлар әбден тозығы жетіп, шіріп кеткен. Ал мамандар бұл мәселе ертеңге дейін толық шешіледі деп сендірді. 

“Жарылған екі құбыр да 40 жылдан артық тұрған. Оның 70-80 пайызы тозып кеткен екен. Сәйкесінше, бірінен соң бірі істен шығып жатыр. Біз ескірген құбырлардың жыртығын шама келгенше жамап жатырмыз. Жалпы, Петропавлдағы жылу құбырларының 74 пайызы тозған”,- деді "Петропавл жылу желілер" ЖШС бас директорының міндетін атқарушы Виталий Холоша.

Талқылау