Петропавлда әйелдерге балтамен шабуылдаған адам бостандыққа шықты
СҚО полиция департаменті әйелдерге балтамен шабуыл жасаған ер адамның түрмеден босатылуына қатысты түсініктеме берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: freepik.com
Әлеуметтік желіде "90-жылдардың аяғында Солтүстік Қазақстанда әйелдерге балтамен шабуыл жасаған қанішер бостандыққа шықты” деген ақпарат пайда болды.
Тоқсаныншы жылдардың соңында Петропавл тұрғындарын үрейде ұстаған қылмыскердің қолынан 10 әйел мен 1 кішкентай қыз зардап шеккен. Ер адам адам аз жүретін жерлерді торуылдап, құрбандарының артынан келіп, балтамен басынан ұрған. Зорлап, тонап, шешіп алған алтын бұйымдарды әйеліне сыйлаған. 1999 жылы қолға түскен қылмыскер, 25 жылға бас бостандығынан айырылған.
СҚО полиция департаменті, аталмыш 60 жастағы ер адамның осы жылдың 12 қаңтарында бостандыққа шыққанын мәлімдеді. Алайда оған соттылығы толық өтелгенге дейін 8 жыл мерзімге әкімшілік қадағалау белгіленген.
Бостандыққа шыққаннан кейін ер адам облыс орталығындағы әлеуметтік бейімдеу орталығына орналастырылды. Полиция оны "әкімшілік қадағалауда тұрған адам" санаты бойынша профилактикалық есепке алды.
Сот есепте тұрған адамға қатысты бірқатар шектеулер белгіледі: сағат 22.00-ден таңғы 6.00-ге дейінтұрғылықты үйінен шығуына, қала сыртына шығуына, ішімдік мен есірткі тұтынуға, демалыс орындарына баруға тыйым салынады. Белгіленген талаптарды бақылау үшін электронды білезік қолданылды.
"Оны тексеру кестесі жасалды. Жергілікті полиция қызметі, криминалдық полиция бөлімінің басшылығы, сондай-ақ аймақтық жедел уәкілдер мен учаскелік полиция инспекторлары жауапты болып тағайындалды", - деді полиция қызметкерлері.