Қазақстандық студент әжесінің ақшасын жұмсап қойып, ойдан ұрлық оқиғасын шығарған
Павлодарда студент қыз полицияға хабарласып, автобус аялдамасында біреу телефоны мен 100 мың теңгеден астам ақшасы бар сөмкесін тартып алғанын айтты. Кейін қыз полицейлерді өтірік әбігерге салғаны мәлім болды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Время басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Павлодарлық қыз полицияға сөмкесін қарақшы ұрлағанын айтты. Сөзінше, бойжеткен қарақшыны артынан қуалаған, бірақ бір кезде қаскөй жоғалыпты. Қыз қаскөйдің киімін, түрін сипаттап беріпті.
Тәртіп сақшылары көшедегі бейнебақылау камералары арқылы қарақшыны табуға тырысты. Олар жәбірленуші айтқан көшелер мен аулалардың барлығын тексерген. Көшелер мен оның маңайынан қыз айтқан шабуылдаушының белгілеріне ұқсас барлық тұрғы тексерілді, алайда табылмады.
Тергеушінің көкейінде күдік ұялаған. Камерадан қарақшы да, қыздың өзі де байқалмады.
Полиция бөлімшесінде тергеушінің сұрақтарына жауап кезінде студент өз айғақтарын шатастыра бастады. Бірінші нұсқада ер адам бір бағытта, екіншісінде мүлдем қарама-қарсы бағытта жүгірген. Соңында қыз әбден абдырап, жылап жіберіп, ешкім оны тонамағанын мойындады. Қыз төленбеген несиенің ақшасы үшін алаңдап, осындай қадамға барған.
Әжесі қызға 100 мың теңге берген. Бірақ немересі қарызды жабудың орнына бар ақшаны өзіне жұмсаған. Енді қыз несиемен қоймай, айыппұлды төлеуге тиіс. Құзырлы органға жалған қоңырау шалғаны үшін жас тұрғын 30 АЕК, яғни 118 мың теңге төлейді.