Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Павлодарлық медицина қызметкерлері үстемақы төленбеді деп бас көтерді

Павлодарда вируспен күрестің алғы шебінде жүргендер бас көтерді. Жедел жәрдем қызметкерлері үш айдан бері заңды үстемақысын ала алмай келеді екен. Қалтқысыз қызметтің қайтарымы ретінде оларға 425 мыңның орнына небәрі 60 мың теңге түсіпті, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап.

мед қызметкерлерНаразы болған Серік Тәкіжанов пен аурухананың басқа да медицина қызметкерлері

Павлодардық жедел-жәрдем станциясының жүргізушісінің сөзінше, вируспен күресте алғы шепте жүрген оған үш айдан бері жалақыға бірде-бір артық тиын қосылмапты.  

«Бір-бірлеріне сілтеп, ешқайсы ештеңе қолданбайды, ештеңе төленбейді бізге. Бәрі жазулы тұр. Мысалы 212 мың плюс 80 мың біздің еңбек сондай 300 мың дейік. Біз қазір 80 мыңнан артық аламыз кішкене. Әзер-әзер», - дейді облыстық жедел жәрдем станциясының жүргізушісі Серік Тәкіжанов.

Осыдан бірер  апта бұрын, дәл осы медициналық мекеме фельдшерінің коронавирус жұқтырғаны анықталыпты. Онымен байланыста болған әріптестерінің барлығы дереу стационарға жатқызылып, 14 күн бойы ем-дом қабылдаған екен.  Ал кейін, өмірлерін қатерге тігіп, қызметтеріне қайта кіріскен.  Алайда соның өзінде,  биліктің уәде еткен үстемақысының иісі де сезілмеді, дейді дәрігерлер.  

«Жеке өзімді айтар болсам, осы айда 425 мыңның орнына,  өзімнің бұрын алып жүрген 60 мың теңге жалақымды ғана  алдым. Қазір республика  бойынша барлық медицина қызметкерлеріне үстемақы  үлестіріліп  жатыр.  Ал біз не болдық сонда?  Коронавирус жұқтырғандармен байланыста болып, стационарда да жатып шықтық», - деді облыстық жедел жәрдем станциясының дәрігері Светлана Соляр.   

Алайда бас дәрігер жарлыққа сәйкес барлық қызметкерлерге үстемақы  толықтай көлемде төленгенін айтады. Оны арнайы комиссия тағайындапты. Десек те әу-баста үстеме қаражат бәріне бірдей болып бөлінеді делінгенімен, қазір  талап өзгерген көрінеді.

«Адамдар жарты сағаттай ғана жұмыс істеп, 200-400 мың үстемақы алғысы келеді. Олай болмайды.  Үстеме қаражат енді істеген сағаттарына байланысты бөлінеді.   Осы айда 632  қызметкерге 82 млн теңге көлемінде жалақыларын төледік.  Әркімнің қанша рет вызовқа шыққанын арнайы комиссия есептеп, соған қарай ақшаларын тағайындаған», - дейді  облыстық жедел жәрдем станциясының бас дәрігері Канадан Ахметжанов.

Алайда,  басқа аймақтағы әріптестерінің үстемақыны толық көлемде алғанына ашынған  жұрт, басшылықтың бұл уәжіне сене қоймады.   Сондықтан олар заңды ақшамызды қолымызға алмайынша, қайтпаймыз деп отыр.  

 

Талқылау