Павлодарлық депутат айыппұлға қатысты мәселені көтеруді ұсынған тұрғынды "ақымақ" деп атады
Павлодарда қалалық мәслихат депутаты Гүлжайна Даримова көлікті бес минуттан артық қыздырғаны үшін айыппұл салу туралы ережені өзгерту мәселесін көтеруді ұсынған қала тұрғынын ақымақ деп атады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Время басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: instagram.com/gulzhainadarimova777
Әлеуметтік желіде Павлодар тұрғыны депутаттан “көлікті бес минуттан артық қыздырғаны үшін айыппұл салу” туралы ережені өзгерту мәселесін көтеруді сыпайы түрде сұраған.
"Мен сізді тек жақсы жағынан білемін. Мүмкін көлікті жылыту мәселесін көтерерміз. Өйткені, бес минут жеткіліксіз. Өзіңіз де жүргізушісіз. Оны жақсы білесіз деп ойлаймын. Алдын ала рақмет", – деп жазды жігіт Даримоваға.
Алайда депутат Гүлжайна Даримова жігіттің жазбасына дөрекі түрде жауап берген.
"Ақымақ, жай ғана ақымақ. Google-дан іздеп, қалалық мәслихат депутаттарының заңға қатысты ештеңе шеше алмайтынын, олардың тек аудандық деңгейдегі өкілеттіктері бар екенін анықтауға болады. Олар тек қалада бірдеңе шеше алады. Мәселен, жолды тазалау, мектеп асханасын тексеру сынды мәселелерді. Осындай ақымақ адамдар неге мені заң шығарады, деп ойлайды?", – деп жауап берген Даримова.
Белгілі заңгер Тәңірберген Бердіоңғар депутаттың жауабына тоқталды.
"Мәслихат депутаттары халықтың қалауын билікке жеткізеді. Олар қоғамдық пікірді зерделеп, сайлаушылардың тілектерін қанағаттандыру үшін ұсыныстар енгізуге міндетті. Мұның барлығы "Мемлекеттік басқару және жергілікті өзін-өзі басқару туралы" заңда көрсетілген. Қорыта айтқанда, ол өз аймағының қалау-тілегін жинап, бұл мәселені парламент депутаттарымен бірге пысықтайды", – деді заңгер.
Айта кетейік, бұған дейін Павлодарлық мәслихат депутаты Гүлжайна Дәрімова өзіне қарсы акциялар ұйымдастырып жатқанын мәлімдеген еді. Қалада депутаттың атынан үнпарақ таратылып, сауалнамалар жүргізіліп жатқанын айтқан.