Павлодарда әкімнің ұлынан таяқ жеген қыздың өзі бұзақылық жасады деп айыпталып, анасына айыппұл салынды
Павлодардағы мектептердің бірінде жыл басында орын алған балалар арасындағы жанжал жалғасын тапты. Жақында Павлодар облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты зардап шеккен қыздың анасына айыппұл салды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Видеодан скрин
Куәгерлердің – оқиға болған мектеп қызметкерлерінің, кәмелетке толмағандардың өздерінің, заңды өкілдерінің айғақтарын зерделеп, сондай-ақ бейнебақылау камерасындағы кадрларды ескере отырып, сот қызды оқушы ұлды агрессияға итермелеп, дөрекі түрде жәбірлеген деген қорытындыға келді.
Соттың хабарлауынша, оқиға болған күні алтыншы сынып оқушысы физика сабағынан шыққан. Оны жетінші сынып оқушысы мен құрбысы дәлізде күтіп алған. Оқушы қыз оның сыртқы келбетіне, киген киіміне қатысты кемсітетін сөздер айтып, өткізбей қойған. Сонымен қатар сөмкесінен су құятын бөтелкесін алып, қайтармаған. Себебі алтыншы сынып оқушысы қыздың сіңлісін "қортық" деп атаған.
Оқушылар бұрын ғылыми жобада бірге жұмыс істеген болып шықты.
Қыздың анасының айтуынша, алтыншы сынып оқушысы өзін дөрекі ұстап, әдепсіз қимылдар жасаған. Сосын қызы баланың сынып жетекшісіне шағымданған. Алайда алтыншы сынып оқушысы кикілжіңді қыздың өзі бастағанын айтқан.
Мектептегі қақтығысқа қатысушылардың екеуі де оң сипатталады.
Нәтижесінде сот қызды кінәлі деп тауып, ұсақ бұзақылық жасады деген қорытындыға келді. Анасы қызын тәрбиелеу бойынша өз міндеттерін орындамағаны үшін кінәлі деп танылып, оған 51 688 теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынды.
Еске сала кетейік, бұған дейін Павлодар облысында аудан әкімінің ұлы оқушы қызды соққыға жыққаны туралы жазған едік. Кейін ақпаратты оқу-ағарту министрлігі растады.
Сондай-ақ әлеуметтік желіде зардап шеккен қыздың анасының үндеуі шыққан. Полицейлер жағдайды анықтап, Павлодарда 7-сынып оқушысы мен 6-сынып оқушысы арасында жанжал болғанын хабарлады. Оқиға салдарынан қыз ауруханаға жатқызылды. Оған келтірілген жарақаттар денсаулығына жеңіл зиян ретінде бағаланды. Полицейлер баланың әрекетін денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру деп бағалаған. Іс материалдары сотқа жолданған еді.