Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Пәтерлері сатылып қойған: Атырауда тұрғын үй кешені жергілікті тұрғынның өтінішінен кейін бұзылатын болды

Атырауда Көктем шағын ауданындағы "Гаухар" көппәтерлі тұрғын үй кешенін бұзу туралы қаулы шығарылды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі "Ақ Жайық" басылымына сілтеме жасап. 

Сот шешімі мемлекеттік сәулет-құрылыс басқармасына тұрғын үй кешенін тексеру туралы өтініш берген жергілікті тұрғынның шағымынан кейін шығарылды. Тексеру барысында құрылыстың рұқсат құжаттарынсыз салынғаны анықталды. Оның жұмыс жобасына байланысты сараптамадан өтпеген келісілген эскиздік жобасы да, құрылыстың басталғаны туралы хабарламасы да болмаған. 

Мемлекеттік сәулет-құрылыс басқармасының басшысы Ерлан Қабдиновтың айтуынша, құрылыс салушыға ҚР ӘҚБтК-нің 314, 316, 321, 463-баптарына сәйкес жалпы сомасы бір миллион 43 мың теңгеге айыппұл салынды. Сондай-ақ оған заңбұзушылықтарды жойғанға және рұқсат құжаттарын алғанға дейін құрылысты тоқтата тұру туралы нұсқама берілген.

2021 жылғы 7 қыркүйекте құрылыс саласындағы ҚР қолданыстағы заңнамасының бұзылуына байланысты аталған нысанның құрылысын тоқтату туралы сот шешімі шығарылған. Алайда құрылысты салған адам сот шешіміне қарамастан құрылысты жалғастырды. 

Бұдан кейін мемлекеттік сәулет-құрылыс басқармасы құрылыс салушылардың үстінен шағым түсіріп, бір миллион 108 мың теңге айыппұл салды. Сонымен қатар, басқарма заңсыз нысанды бұзу туралы сотқа шағым түсірді.

"Қазіргі уақытта экономикалық соттың Атырау қаласы, Әлиев көшесі,11 мекенжайы бойынша орналасқан тұрғын үйді бұзу туралы шешімі заңды күшіне енді. Әрине, нысан бұзылады", – деді Қабдинов.

Басылым атап өткендей, осы тұрғын үй кешеніндегі барлық пәтер сатылып кеткен. Енді құрылысшы өз есебінен кешенді бұзып, ақшаны кешенді сатып алғандарға қайтаруы тиіс.

Талқылау