"Наша Russia" шоуының жұлдызы үйсіздерге арналған баспанадан табылған
"Наша Russia" комедиялық шоуында Жамшут рөлін сомдаған 70 жастағы ресейлік актер Валерий Магдяш баспанасыз жүрген жерінен табылды. Суретші НТВ-дағы "За гранью" шоуының жаңа кейіпкері болып, тағдырының қалай өзгергені туралы айтып берді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
"Наша Russia" жобасы аяқталғаннан кейін, танымалдығының шыңында Магдяш барлық жинаған ақшасын бизнес құруға жұмсауды ұйғарып, пәтерін сатқан. Алайда сол күні актерге шабуыл жасалып, ол басынан соққы алған. Барлық ақшасын алып кеткен шоу жұлдызының жағдайы нашарлап, төрт күн комада болған. Кейін Валерий ақшасыз да, бизнессіз де, тіпті үйсіз, күнкөріссіз қалған.
2018 жылы Магдяштың баспанасыз мүсәпір күйге түсіп, өзін паналататын әйелдің үйіне жөндеу жұмыстарын жүргізіп бергені туралы ақпарат тараған. Алайда кейін 4 жыл бойы одан ешқандай хабар болмады. Бірнеше ай бұрын ғана қоғам қайраткері Валерий Файкинге жанкүйерлері әйгілі ситком жұлдызына көмектесу туралы ұсыныс тастаған.
“Мен пәтерге келгенде қоқыстарды, кірді, бос бөтелкелерді тіпті нәжістерді көрдім", – деді Файкин.
Қоғам қайраткері Магдяшты Пятигорск маңында орналасқан үйсіздерге арналған баспанаға ауыстыру туралы шешім қабылданғанын қосты. Қазір өнерпаз сонда тұрады, кейде жергілікті мәдениет үйлерінде шағын концерттер береді екен.
“За гранью” студиясында актер балалары мен немерелерінің онымен араласпайтынын мойындап, бұл оны қатты алаңдататынын айтқан. Шоуға қонақ ретінде келген Магдяштың әріптестері тіпті 10 жыл бұрын "Наша Russia" жобасының жұлдызы қайтыс болғаны туралы хабарды естгенін айтып, әртістің әлі тірі екеніне таң қалғандарын жеткізді.