Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Париж олимпиадасы: Сметов соңғы олимпиадасында атой сала ала ма

Санаулы күннен кейін төрткүл дүние күткен төртжылдықтың басты додасы басталады. Париж олимпиадасында әлемнің түкпір-түкпірінен сайдың тасындай іріктелген сайыпқырандар сынға түседі. Ең әуелі жарыс алаңына дзюдошылар шығады. Осы орайда Stan.kz ақпарат агенттігі өзінің үшініші олимпиадасында өнер көрсететін Елдос Сметовтың әлеуеті мен мүмкіндігі туралы сараптама жасауды ұйғарды. 

Олимпиада ойындарының екі дүркін жүлдегері Елдос Сметов үшін Париж олимпиадасы соңғы жарысы болатыны анық. Сметовке өз мансабын сәтті аяқтау үшін тек олимпиада ойындарының алтыны ғана жетпей тұр. Одан бөлек, олимпиада ойындарында үш рет жүлде алған тұңғыш қазақ деген атаққа да бір табан жақын. Осы уақытқа дейін қазақ спорт тарихында тек алты-ақ спортшы екі олимпиадада жүлде алған. Ал үш бірдей олимпиадада жүлде алған жалғыз – Ольга Рыпакова ғана. Сметовтің тарихи нәтижеге қол жеткізетін толық мүмкіндігі бар. Дегенмен отандасымыз атой салу үшін біраз әбігерге түсетіні анық. Елдос үшін қауіпті болуы мүмкін қарсыластардың қатарына бірнеше балуанды ерекше атауға болады. 

Токио олимпиадасында өнер көрсеткен 7 балуан Париждегі дүрмекте де сынға түседі. Оның ішінде, үшеуі Токиода тұғырдан көрінген спортшылар. Дәл осы жетеуі Елдостың жолын бөгеп, жүлдеден қағуы әбден мүмкін. Одан бөлек, Токио олимпиадасының чемпионы Наохиса Такатоны тұғырдан тайдырған Рюдзю Нагаяма да негізгі қарсыластардың және алтыннан үміттілердің қатарында. Жалпы Елдос үшін жапон балуандары алынбас қамалға айналып кеткендей. Сметов небір мықтыларды сан соқтырғанымен, дәл осы жапон балуандарына келгенде жүрісінен жаңылып, жиі жеңіліп қалады. Ол тек Шишиме Торуды үш рет жеңіп, қалған жапон балуандарының барлығынан ұтылып қалды. Отандасымыз осы уақытқа дейін Рюдзю Нагаямамен екі рет белдесіп, екеуінде де ұтылып қалған болатын. Дәл осы жолы қос саңлақтың жолы бастапқы айналымдарда тоғысуы мүмкін. Өйткені Елдос рейтингте төмен тұрғандықтан алғашқы кезеңдерде мықтылармен жолығатыны анық. Десек те, отандасымыз жетік техникасы мен аса сауатты тактикасын Нагаямаға қарсы жақсы қолдана алады деген сенімдеміз.

Олимпиада алтынына сынық сүйем қалғанда сүрінген тайпейлік Ян Юнг Вэй басты қарсылас, әрі фаворит ретінде саналады. Сметов тайпейлік балуанмен мансабында үш рет кездесіп, екі рет ұтса, соңғы кездескен жарысында, яғни 2022 жылғы әлем чемпионатының ширек финалында жеңіліп қалған еді. Бірақ 2022 жылғы әлем чемпионатында Елдостың қайтадан 60 келіге ауысқан кезі болған.  Ал 2019 жылы отандасымыз тайпейлік тарланды екі рет айқын басымдықпен жеңіп, мықтылығын мойындатқан еді. Алғаш рет Будапешттегі Гран-При турнирде бір минутқа жеткізбей жеңсе, Токиодағы әлем чемпионатында да бір минуттың ішінде басым түскен болатын. Ян Юнг Вэй олимпиадалық рейтингтің көшін бастап тұрғандықтан отандасымызбен алғашқы айналымда кездесуі әбден мүмкін. Тайпейлік тарлан қазір мықты бабында тұрған балуандардың бірі. Ол соңғы үлкен үш жарыста финалға дейін жетіп, үшеуінде де финалда ұтылды. 2024 жылғы әлем чемпионатының финалында грузиялық жас талант Георгий Сардалашвилиден ұтылды. Жалпы Ян Юнг Вэй Париж төрінде өнер көрсететін біраз балуаннан басым түскен. Бірақ Ян Юнг Вэйдің де Елдос сияқты жапон балуандарына келгенде жолы болмайды. Ол жоғарыда аталған Нагаямадан үш рет ұтылған. Әп-сәтте қарсыласына қарсы әдіс жасап кететін шапшаңдығы мен әдіс-тәсілден қорғана алу машығы жақсы жетілген Елдостың тайпейлік балуанды ұтуға толық әлеуеті жетеді. 

Жоғарыда аталған жеті балуанның ішіндегі бельгиялық Йорре Ферстрэтен, нидерландық Торнике Цакадоеа, корейлік Ким Вон Жин мен француз Лука Мхеидзе де Токиодағы олқылтың орнын толтыру үшін барын салатыны анық. Франуцз Лука Мхеидзе қола жүлдесін алтынға алмастыруды көздесе, жүлдеге бір қадам жетпей тоқтаған  Торнике Цакадоеа мен Ким Вон Жин жеңіс тұғырынан көрінуді мақсат тұтатыны анық. Олимпиадалық рейтингте отандасымыздан жоғары тұрған бұлардың әрқайсысы Елдоспен алғашқы айналымдарда жолығып қалуы бек мүмкін. Десек те, Сметов әр қарсыластың қалай күресітінін және олармен қалай күресу керектігін жақсы біледі. Лука Мхеидзеден басқаларының барлығымен жолы түйісіп, оларды бірнеше рет ұтқан. Әсіресе, нидерландық Торнике Цакадоеа пен корейлік Ким Вон Жинді Токио төрінде тұқыртып, жүлдеден қаққан. Елдос үшін екеуі де оңтайлы қарсыластар қатарында. Әсіресе, жапондық жампоз Нагаяманың мысын басқан Ким Вон Жинді Елдос үш рет жеңген. Сондықтан бұл балуандар отандасымыз үшін аса қиындық тудырмауы тиіс.

Елдос үшін қауіпті қарсылас саналатын балуандардың ішіндегі биылғы әлем чемпионы грузиялық жас талант Георгий Сардалашвилиді ерекше атауға болады. 21 жастағы Георгий Абу-Дабиде өткен әлем чемпионатында қарсылас шақ келтірмей, небір мықтылардың мысын басты. Елдосты үлгі тұтатын жас балуан кумирімен кездесіп, Ташкенттегі Гранд-Слэм турнирінде жеңіп кетті. Дегенмен бұл белдесуді көрген жанкүйерлер Елдостың жеңілмегенін жақсы біледі. Төрешілердің бүйірі грузин балуанына бұрылғандай көрінді. Тәжірибелі Сметов жас балуанның қыр-сырын толық меңгеріп үлгерген болуы керек. Қос саңлақ екінші рет жолықса, сөзсіз, Сметовтің басқаша күресін көретініміз анық. Елдос Париж бозкілемінде белдесетін фавориттердің ішінде Лука Мхеидземен ғана күреспеген. Дегенмен Лука екеуі Токио төрінде үздік үштіктен көрініп, жеңіс тұғырында тұрды. Ұлты грузин Франция елінің өкілі былтырғы Еуропа чемпионатында қарсылас шақ келтірмей, алтыннан алқа таққан еді. Лука да Париж төрінде Токиодағы олқылықтың орнын толтыру үшін барын салатыны анық. Дегенмен Елдостан екі рет жеңілеген тайпейлік Ян Юнг Вэй Луканың екі рет мысын басқан болатын. Сондықтан франциялық балуан Елдос үшін алынбайтын қамал емес. 

Жалпы Елдос Париж бозкілемінде өнер көрсететін 25 балуанның ішіндегі ең мықтыларының бәрін жеңген. Тек Нагаяманың ғана осал тұсын таба алмай келеді. Сметов тайпейлік Ян Юнг Вэй, бельгиялық Йорре Ферстрэтен, нидерландық Торнике Цакадоеа, корейлік Ким Вон Жин, өзбекстандық Дилшодбек Баратов, бразилиялық Микел Аугусто, испаниялық Франсиско Гарригосты осы уақытқа дейін ұтқан. Бұл балуандардың барлығы олимпиададағы басты қарсыластар және жүлдеден үміткерлер қатарында. Әрине, Елдостың үздіктер қатарынан көрінуі бағына да байланысты. Егер Елдостың бабы мен бағы қатар шапса, жүлдегерлер қатарынан емес, олимпиада чемпионы атанғанын да көруіміз мүмкін. Өйткені отандасымыздың әлі де бір қағары бар. 

  

 

 

Талқылау