Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Өзім бірінші сөз салдым": Дина Төлепберген алғаш рет отбасы туралы айтты

Танымал журналист Дина Төлепберген алғаш рет отбасы мен жолдасын айтып, ашық сұхбат берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі TalkLike жобасына сілтеме жасап хабарлайды. 

                                              “Мен оны үш жыл күттім”

Биыл тележүргізушінің тұрмыс құрғанына – 13 жыл. Ол 28 жасында тұрмыс құрған. 

“Бізде өте үлкен, алып махаббат болды. Үлкен ұлым – 10 жаста, демек биыл тұрмысқа шыққаныма 13 жыл болды. Қыз бен жігіт болып үш жыл жүрдік. 28 жасымда күйеуге тидім. Сол уақытта жұмыс бабымен Алматыға қоныс аудардым. Күйеуімнің де жұмысы Алматыға ауысты. Осы қалада бас қосып, ерлі-зайыпты өмірімізді бастадық.”, – дейді журналист. 

Айтуынша, жолдасы камераны ұнатпайтын көрінеді.

“Біздің үйде мен ғана – жұлдызбын. Күйеуім өзі туралы мәліметті жария еткенімді қаламайды. “Сенің атағың мен абыройың бар, маған ол қызық емес. Сені жұлдыз болғаның үшін жақсы көрген жоқпын” деді. Өздеріңіз де байқаған шығарсыздар, көп жерде жолдасымның фотосын көрсетіп, мәлімет салған емеспін. Айтпақшы, оның оның сөз салғанын үш жыл күткен едім. "Сіз маған сөз саласыз ба? Мен сіздің жарыңыз болуға дайынмын" дедім. "Неге ертерек айтпадың?" деді. Сөйтсек, ол мені күтіп жүрген екен. Республика сарайының алдында тұрып, жары болуға келісімімді бердім. Негізі ол жерге біз бірге бассейнге баратынбыз. Бір күні спорт залға кірмейді. “Күнде кіреміз, бүгінше демалайық” деп. Мен тыңдамай кіріп кеттім, ол сыртта күтіп тұрды. Шықсам: “Маған тұрмысқа шығасың ба?” дейді. Бассейннен шығып тұрған бетім, шашым мен үстім су болып қалған. Сол жерде келісімімді бердім”, – деп жастық шақты еске алды Дина. 

                               Әкемді кешіруге “Астарлы ақиқат” көмектесті

Журналистің айтуынша, кейбір қыздар секілді болашақ жарын әкесіне қарап таңдап жатса, Дина әкесіне ұқсағанын қаламаған. 

“Ұзатуымды әкемнің өзі жасап берді. Болашақ жарымның әкеме ұқсамағанын қаладым. Бұл өте нәзік тақырып болғаны үшін, көп қозғамауға тырысамын. Әкемді кешіруге жүргізген бағдарламам әсер етті. Ол кісі немерелерін өте қатты жақсы көреді. Сол балаларды алып барғанда отырып кеңінен сырласудың сәті түсті. Жұрт ойлауы мүмкін Дина мүлдем әкесімен араласпайды екен деп. Олай емес. Біздің жағдайда сәл басқашалау. Ол кісінің екінші отбасынан інім бар. Шымкентке барғанда күтіп алып, көлігімен алып жүреді. Әлеуметтік желіде жиі анамның фотосын саламын ғой. Менің анам бақытты. Өмір бойы дәрігер болып еңбек еткен. Кардиолог болып жүріп, заман қиын кезде еден жуатын. Егін басында қалған пияз бен картопты терген. Тауда қалып кеткендерді құтқаратын топта та еңбек еткен”, – дейді журналист. 

Сонымен қатар журналист балалары туралы да айтты. 

“Тұңғышымның жасы 10-да. Денсаулығын жақсарту үшін тынбай жүгіріп жатырмыз. Өткен жолы жансақтау бөліміне түсіп қалдық. Лейкоцит саны төмендеп кетеді. Егер қалыпты адамда ол үш жүз мың төңірегінде болса, ауруханаға түскен кезде менің баламның лейкоциті төрт мың ғана болған. Шынын айтқанда, бұл аурудың табиғатын әлі күнге дейін түсіне алмай отырмын. Қазір емделіп жатырмыз. Бір жыл бойы балам мектепке барған жоқ. Өзімді жаман анасың деп сөктім. Дәрілер іштік. Бір жыл бойы изоляцияда болдық. Енді сол ауруды жеңу бағытында жұмыс істеп жатырмыз", – дейді журналист.

Талқылау