Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Өзбекстандық модель клип түсіріліміндегі жол апатынан мүгедек болып қалды

Өзбекстандық модель Сабрина Жабборова бейнебаянға түсіп жатқан кезде көлік қағып, мүгедек болып қалды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: Сабрина Жабборова Instagram-парақшасы

Оқиға 2024 жылдың 7 қарашасында болған. Әнші Озода Нұрсаидованың "Дилбарим" бейнебаянының түсірілімі кезінде Жабборованы кәмелетке толмаған актриса Севинч Маруфова Mercedes G-Class ("Гелендваген") көлігімен қағып кеткен.

Оператор әрі режиссер Шухрат Мавлоновтың нұсқауымен ол газ педалін басқан, бірақ сол сәтте көлікті басқара алмай қалған. Көліктің дөңгелегі Сабринаның үстінен екі рет өтті: алдыңғы дөңгелегі оның үстінен өтіп кетті, ал артқы дөңгелегімен артқа жүріп, тағы басты.

Сабринаның жамбас сүйегі сынып, жатыры мен қуығына зақым келді. Оның үстіне қызға бір сағат алғашқы көмек көрсетілмеген, соның салдарынан 3 литр қан кеткен. Модель ауруханаға жеткізіліп, дәрігерлер тоғыз сағат ота жасап, оның өмірін сақтап қалды. Алайда жамбасқа ота дұрыс жасалмаған, соның салдарынан оның сол аяғы оң аяғынан 7 см ұзын болып, Сабрина жарымжан болып қалды.

Айтуларынша, жасөспірім Маруфованы түсірілім алаңына режиссер Ахад Каюм алып келген, ол көлік жүргізуді біледі деп сендірген.

"Түсірілімді ұйымдастырушылар мен басқа да кінәлі тараптар зардап шеккен модельге тиісті көмек көрсетпеді. Төрт айда түсірілімнің техникалық ережелерін бұзғаны үшін айыппұл ретінде айына 500 доллар (245 мың теңге) ғана төлеген. Жәбірленушінің анасы көмек сұрағанда, құр уәдемен алдапты. Ал оқиға БАҚ-қа тарап кетсе, мүлдем көмектеспейміз деп бопсалаған", – делінген хабарламада.

Бұл іс бойынша сотқа дейінгі тергеу аяқталып, сотқа жолданды.

Жәбірленуші жүріп кету үшін шетелде қайтадан ота жасау керек. 

Әнші Озода Нұрсаидованың менеджері Дильмурод Сатторов видеоны түсіруді олар ұйымдастырмағанын айтты.

"Дәрігерлер қызға үш ай бір орында жатып, емделуге кеңес берді. Алайда үш ай өтпей жатып, ол басқа жобаның түсіріліміне қатысты. Мен оның түсірілім кезінде құлағанын естідім. Дәрігерлер отаны Үндістанда немесе Санкт-Петербургте жасау керегін айтты", – дейді ол.

Ташкент қалалық полиция көлік бір емес, екі адамды қағып кеткенін хабарлады. Екінші жәбірленуші 19 жастағы Ш есімді жігіт екен. 

"Зардап шеккендер ауруханаға жеткізілді. Сот-медициналық сараптаманың қорытындысы бойынша, жігіт жеңіл дене жарақатын алған, Жабборова ауыр жарақат алған", – делінген хабарламада.

Талқылау