Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар
Басты жаңалықтар

"Өз жан дүниеммен сезінгім келді": Семей тұрғыны өзі жасақтаған сақ шатырында өмір сүріп жүр

Өзі әнші, этнограф, ақын, әрі шаң-қобызшы Серәлі Мұхамедсалықов бірнеше жылдан бері осында тұрады. Ерекше баспананы тамашалауға келетіндердің қатары да жылдан жылға көбейіп келеді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі “Хабар 24” арнасына сілтеме жасап.

Серәлі Мұхамедсалықов 2 жылдан бері сақ шатырында тұрып жатыр. Ерекше үлгідегі үйді салуға бір жылдай уақытын жұмсаған екен. Өзінің айтуынша, шатырды туристерді тарту, табыс табу мақсатында тұрғызбаған.  

“Әр адамның өз әлемі болады. Менің әлемім – сақ дәуірі. Скифтердің өмірін сезіну, зерттеу. Үлкен үйім орталықта болса да, өзім осы шатырда тұрамын. Өйткені Сақ бабаларымыздың қатты аязда, қатты ыстықта қалай тұрғанын өз жан дүниеммен сезінгім келді”, – дейді этнограф. 

Шатырдың ішіндегі әр дүниенің өз тарихы бар. Мән-мазмұны бар. Мәселен, мынау төрте тұрған кіреуке сауытты Абылай Қалқаұлы деген шебер 8 ай тоқыпты. Ал мына киімдерді әнші Жапония, Корея, Қытай, Моңғолия секілді елдерде концерт бергенде киіп шыққан екен.

Шатырдың сырты да, іші де сақ заманын көз алдыңа елестетеді. Қақ төрде – қасқайып отырған сақ патшасы. Қарудың, аң терісінің, таңбалардың, музыкалық аспаптың түр-түрі. Құдды сол дәуірге еніп кеткендей боласың. Бұл әсіресе туристер мен шет елдік азаматтарды таңғалдырады екен.

“Сақтардың тұрмыс-тіршілігі, мәдениеті туралы мол мағлұмат алдық. Наурыз мейрамының тарихын білдік. Байқағаным, сақтар мен біздің бабаларымыздың музыкалық аспаптары ұқсас екен”, – дейді үндістандық студент Сомия Швами. 

Кейіпкеріміз сақ шатырын көруге келген қонақтарға тегін қызмет көрсетеді.

Тарихтан сыр шертіп қана қоймай, әртүрлі музыкалық аспаптармен меймандарын тәнті етеді.

“Арманым мұндай шатыр еліміздегі кез келген мектептің, елшіліктердің, мешіттердің алдында тұрса деймін. Басқа мемлекеттер өз құндылықтарын солай көрсетеді”, – дейді Мұхамедсалықов.

Серәлі Мұхамедсалықовтың жоспары көп. Ұлттық құндылықтарды ұлықтап жүрген азамат алдағы уақытта қонақтарға шатырды тамашалатумен қатар түйе мінгізіп, садақ атқызуды да жоспарлап отыр. 

Айнұр Мұхади
Жексенбі, 19 Наурыз, 2023 12:11
Талқылау