Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Өз өмірінің құнымен өзгелерді құтқарды": Салтанат Нүкенованың қазасынан кейін тиран күйеуінен ажырасқан әйелдер өз оқиғаларын айтып берді

Қоғамдық резонанс тудырған Салтанат Нүкенованың қазасы қазақстандық әйелдердің өз қауіпсіздігіне деген қорқынышын күшейтті. Осы жағдайдан соң бірнеше жан ойланып, қысым көрсететін ерлерімен ажырасуға шешім қабылдады. Күйеуінен бірнеше жыл озбырлық көрген келіншектер Stan.kz тілшісіне отбасынан қалай кеткендерін айтып берді. 

Журналист Айнұр Коскина Facebook-парақшасында күйеуінен қаза тапқан Салтанат Нүкенованың оқиғасынан кейін сүйіктісімен арақатынасты тоқтатқан және жұбайымен ажырасқан таныстары бар екенін айтты.

“Өз өміріңнің құнымен өзгелерді құтқарып қалғаныңа рақмет және кешір...”, – деп жазды ол.

Stan.kz тілшісіне сұхбат берген әйелдер атын атамауды сұрады. 

“Оқтау сынғанша ұрды”

Үш баласы бар келіншек 12 жыл жұбайының озбырлығына тап болған. Ер адамның езгісіне сонша жыл төзген әйелге аталмыш жаңалық ой салып, зорлық-зомбылық өрши беретінін түсіндіргендей болыпты.

“8 қараша түнде күйеуім соққыға жықты. Бір күннен кейін, 9 қарашада Бишімбаев туралы жаңалықты естідім, бұл “ажырас” деп белгі бергендей болды. Дағдарыс орталығында тұрып жатқаныма осымен үш ай, балаларым жанымда. Күйеуіммен бір шаңырақ астында тұрып, жүйкем тозды, болашағыма алаңдадым. Оған қайта қосылмаймын деп шешім қабылдадым. Себебі зорлық-зомбылық өршімесе, енді басыла қоймайды. Ол кешірім сұрап, қайта қосылуға ниет білдіргенімен, оған енді сенбеймін. Күйеуімнен жырақта болу үшін тіпті Алматыдан Астанаға көшуге тура келді”, – дейді келіншек.

Сөзінше, үйленген соң алғашқы 6 айда бәрі жақсы болған. Содан кейін ері жұмыстан шығып, бос қыдырыс көбейіп, ойын мен ішімдік ішуге құмартыпты. Артынша әйеліне қол көтеруді де әдетке айналдырған. Болмашы нәрсеге қызғанып, шу шығарады екен. Жиі қайталанатын озбырлықты көріп өскен қыздарының тілі де шықпай қалған.

“Жоғары оқу орнын бітіргенмін, жұмысым бар еді. Отау құрған соң, жұмыстан шығарып алды. Алты жыл ауылда ата-енемен тұрдық, содан соң қайтадан Алматыға келдік, қайтып қызметке кірістім. Бірақ жұмыста отырсам, қайта-қайта бейнеқоңыраумен хабарласып, тексеретін. Телефонымды көтермегенім үшін оқтау сынғанша ұрып-соқты. Сол кезде қызым қорқып, жылап қалды. Ұл бала босанғанымды қалайтын, 2018 жылы ұлға жүкті болдым. Алтыншы айда денем ісініп, уақытынан ерте босандым, алайда ол шетінеп кетті. Сол кезде мені кінәлап, “өзге ер адамның баласы болғандықтан, әдейі өлтірдің” деп жала жапты, бетіме баламның өлімін баса берді”, – дейді ол.

Патологиялық қызғанышы бар ер адам әйеліне дүкенге де баруға тыйым салған, кез келген жерге сұранып шығуды бұйырған. 

“Төрт рет атыма несие рәсімдеп, көлік алды. Сол көлікпен такси жүргізушісі болды, бірақ тапқан-таянғанын кафеге, құмар ойынға жұмсайды. Несиесін әлі төлеп жатырмын. Үш жылдан бері декреттік демалыстамын, ата-анам көмектесуге мәжбүр. Десе де аш болсам да, миым тыныш. Енді менің атымдағы көлікті сатты. Сот өтіп, ол 15 тәулікке қамалды”, – деді тұрмыстық зорлық-зомбылықтың жәбірленушісі.

Салтанат Нүкенованың қазасынан кейін осындай шешім қабылдаған әйел оның ағасы Айтбек Амангелдімен байланысқа шыққан. Ол адвокат, психолог көмегін ұсынып, әлі де хат-хабар алмасып тұратын көрінеді. 

Әйелдің тұңғышы 11-ге толады, ал одан кейінгілері 3 және 2 жаста. Бір өкініштісі, олар дағдарыс орталығында тек 6 ай тұра алады. Әрі қарай өз күндерін өздері көруі керек.

“Осындай қиын жағдайға түскен келіншектерге мемлекет тарапынан қолдау көрсетілсе екен деймін. Өйткені олар мұнда тек 6 ай тұра алады. Одан соң көбі баратын жер таппай, тиран күйеулерімен қосылуға мәжбүр. Оның арты қорқынышты жағдайға әкелуі әбден мүмкін”, – дейді үш баланың анасы.



“Өмірімнен құнды ештеңе жоқ екенін түсіндім”

Өз оқиғасын бөліскен тағы бір оқырманымыздың бес баласы бар. Келіншек аты-жөнін құпия қалдыруды сұрады. Айтуынша, Бишімбаевтың ісінен соң өз өмірі үшін кепілдік жоқ екенін түсінген. Ол жағдай осылай қайталана берсе, бала-шағасы анасынан айырылатынын ұғып, ажырасуға өтініш беріпті. 

“Салтанат Нүкенова өз күйеуінің қолынан айуандықпен көз жұмды деген хабарды естіп, бойымды қорқыныш биледі. 5 баламды ойладым. 14 жылда күйеуім түрлі қорлықты көрсетті. Ешқашан менімен санаспай, тек өз дегенін істетеді. “Отырсам опақ, тұрсам сопақтың” күйін кештім. Шыдамай, кетіп қалатынмын, бірақ отбасымды сақтап қалу үшін кешіріп, қайтадан қосылуға келісіп жүрдім. Бірақ құр уәдемен 14 жылдың қалай өтіп кеткенін байқамай қалыппын. Бірақ мына сұмдық жайттан соң арам өліп кетпейін деген ой туды. Мен о дүниелік болсам, балаларыма кім қарайды?!” – деп жазды әйел.

Айтуынша, қазір балаларын алып, бөлек кеткен, пәтер жалдап тұрады. Ер адамнан енді алимент өндіруге ниетті.

“Қаржылай қиын болса да, шыдаймын. Бұрын-соңды отбасымыздың бүтіндігін бірінші орынға қойғаныммен, өмірімнен құнды ештеңе жоқ екенін түсіндім”, – деді ол.

“Жігітімнен Бишімбаевқа тән белгілерді байқадым”

Ал 21 жастағы қыз ғашық болған жігітінен Бишімбаевқа тән белгілерді байқап, дер кезінде арақатынасты тоқтатып үлгергенін айтады. Пайымдауынша, алғашында “джентельмен” болып көрінген жігіт кейін кім көрінгеннен қызғанып, жанжал көбейген. Шектен тыс тыйым салып, артынша қол көтеруге дейін барған. 

“Алғашында бұл жігіт ерекше көңіл білдіріп, маған ұнау үшін түрлі әрекет жасап, сыйлық беретін. Оның мұндай қадамын бағалап, мен де ұнатып, қыз бен жігіт болып кездесуге келістім. Оның қызғанышын махаббатының көрінісіне балап, іштей риза болатынмын. Бірақ шектен шыға бастады. Мені араласатын ортамнан ажыратып, таныс ер жігіттер былай тұрсын, құрбыларыммен араласуға шектеу қоятын. Киген киіміме, боянғаныма бола жанжал шығарып, “көзіме шөп салып жүрсің” дей беретін. “Маған тұрмысқа шыққан соң хиджаб киесің, сол үшін қазірден бастап үйрене бер” деді. Телефонға жауап беріп үлгермесем, үйімнің алдына келіп, отбасымның көзінше шу шығарып та жүрді”, – дейді қыз. 

Ару отауласқан соң “мұның бәрі тоқтайды, бірге тұрсақ, қызғанбайды” деп өзін іштей сендіруге тырысқан. Тіпті жақындары жігіттің мұндай қылықтарының ерсі екенін айтса да, оны қорғап, сөзін сөйлепті.

“Жігітімнің көңілі үшін ешқайда бармайтынмын, сабақтан шығып, бірден үйге қайтамын. Десе де қызғануға себеп табады, телефонымның локациясын да өзіне жүктеп, мені бақылап отыратын. Бір күні рұқсатымсыз басқа жерге бардың деп, ұрыс барысында бетімнен шапалақпен ұрған сәті де бар”, – деді ару.

Айтуынша, жігіттің мінезі әп-сәтте өзгереді. Бір кезде одан асқан мейірімді, мәрт жан жоқ болып көрінсе, ашу барысында одан қорқынышты жан болмайтын дейді. Қыз “эмоционалды әткеншекті” сезінгенін, сол себепті де онымен қарым-қатынасты бірден тоқтата алмағанын айтады.

Салтанат Нүкенованың қазасынан кейін ол осыған қатысты жаңалықтарды жиі оқып, оның ағасының сұхбаттарын көре бастапты. Сол кезде Бишімбаевтың да болмашы нәрсеге қызғанып, жанжал шығаратынын, шамадан тыс бақылауда ұстайтынын естіп, өз жігітінің әрекеттерін де саралаған.

“Бишімбаев туралы ақпарат шыққан сайын ол адамнан сөйлесіп жүрген жігітімнің бейнесін айқынырақ көре бастадым. Осы адамға тұрмысқа шықсам, мені де осындай тағдыр күтіп тұр деп арақатынасымызға тоқтау салдым. Онда абьюзер, манипулятор адамның барлық белгілері бар екен”, – деді ол.

Талқылау