Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Өз бетімен тамақ іше бастады": Сарбаз Ербаян Мұхтардың денсаулығы жақсарды (видео)

2023 жылдың соңында ми жарақатынан кейін комаға түскен сарбаз Ербаян Мұхтардың жағдайы жақсарды. Түркияда ұзақ емделгеннен кейін Ербаян Мұхтардың беті бері қарады. Қазір өміріне қауіп төніп тұрған жоқ. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

18 қаңтарда Ербаян Мұхтардың отбасының мүддесін қорғайтын заңгер және құқық қорғаушы Инга Иманбай жігіттің денсаулығы айтарлықтай жақсарғанын айтты. Ыстамбұлда Ербаянның басына сәтті ота жасалып, инфекциясы жазылды, катетер мен мұрнынан зонды алынды.

"Ол салмақ қосып, роботтың көмегімен қозғала бастады. Өз бетімен аздап тамақ іше бастады. Дәрігерлердің болжамы жақсы, бірақ толық жазылу үшін уақыт қажет", – деді Инга Иманбай.

Айта кетейік, Ербаян Мұхтар ұлттық ұланның Алматы қаласындағы 5571 әскери бөлімінде әскери борышын өтеп жүрген. 2023 жылдың желтоқсанында сарбаз ми жарақатын алып, содан кейін комаға түсті. Әскери бөлім басшылығы сарбаздың туыстарына Ербаянның дәретханада құлап, басын еденге соғып алғанын айтқан. Алайда сарбаздың жақындары ұлдарының абайсызда құлап қалғанына сенбейді. Ішкі істер министрлігі тергеу барысын өз бақылауына алды. 

Еске салсақ, бұған дейін қазақстандықтар 6 айдан астам комада жатқан сарбаз Ербаян Мұхтардың емі үшін 230 миллион теңге жинап берді. 27 қыркүйек күні сарбаз Түркияға емделуге жіберілген еді. 

Талқылау