Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда букмекерлік кеңселердің қызметі қала сыртына көшірілмек

Қазақстанның мәжіліс депутатары мен ҚР мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова ойын бизнесінің астарында не жатқанын айқындады. Осыған орай бірқатар шаралар қабылданыпты. Ендігі үкімет кезекте букмекерлік кеңселерді қаланың сыртына ығыстырмақшы. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Еуразия арнасына сілтеме жасап хабарлайды. 

букмекер

"Жеті жылдай құмар ойындарға салынып ойнап жүрдім. Екі жүз мың доллардай ақша ұтылдым ғой деймін. Қарызға ақша таппасам, үйден қажетті соманы ұрлай бастадым", - дейді құмар ойынға салынып кеткен Бекзат. 

Сөзінше, ол букмекерлік кеңселерде бәс тігуді әдетке айналдырған. Еліміздің қай қаласында болмасын тұрғындарды еліктіретін ойындардың жарнамасы толып тұр. Тіпті, құмар ойындарға берілгендерді сипаттайтын лудамания термині де бар көрінеді. Құмарлыққа салынып, ойын қуып кететіндерді дұрыс жолға тарту мүмкін бола бермейді дейді мамандар. 

Мәжіліс депутаттары қарастырып жатқан заң жобасына сәйкес, енді құмар ойындарға салынғандарды оның туыстары сотқа бере алады екен. Бұған қоса құмарлыққа берілгендер арыз жазып, бірде-бірде ойын ұйымы оның бәсін қабылдамайтындай ету мүмкіндігіне ие. 

Ойын бизнесінің қызметіне біржақты ету үшін енді букмекерлік кеңселердің барлығы Қапшағай мен Щучинск аймақтарына көшірілмекші. Енді бәс тігушілер еш кедергісіз сол жаққа барып, қалағанынша ойнай алатын көрінеді. 

"Біз осы ойын бизнесінің түрін сақтай отырып, оны тек ойын индустриясына рұқсат берілген аймаққа көшіруді ұсынып отырмыз. Қызмет түріне шектеу қойылмайды, тек оның ұйымдастыру аумағы ауыстырылады", - деді ұлттық экономика министрінің орынбасары Айгүл Шайымова. 

Заң жобасы мәжіліс талқысына түскен кезде оған 15 қана өзгерту енгізіліпті. Олардың арасында ойын индустриясын құруға Алматы облысының Панфилов ауданы мен Талғар ауданында және Маңғыстау облысы Каспий жағалауында рұқсат беру қарастырылыпты. Кейіннен депутаттар ұсынған түзетулердің саны 150-ге бір-ақ жетіпті. 

"Біз өтіріктен туризмді дамыту үшін және бюджеттің кірісін арттыру үшін деп ойынқұмарлықты қолдап отыра алмаймыз. Бұған қоса облыс орталықтарында ойын индустриясын ұйымдастыру деген ақылға қонымсыз дүние. Туризмді дамытамыз деп халқымыздың писхологиялық және моральдық жағдайын құрбандыққа шала алмаймыз", - дейді мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин.

Қазіргі таңда ауа райының өзгеруінен бастап ән байқауларына дейін бәс тігуге болады екен, заң жобасында букмеркерлік кеңселер енді тек спорттық шараларға ғана ұтыс қабылдай алатыны көрсетіліпті. 

Жедел ақшаға қол жеткізу оңай деп халықты өзіне тартатын құмар ойындардың жарнамасы интернетте фильм не видео көрейін десең шыға келеді. Депутаттар өз кезегінде мұндай жарнамалардың зиянына да тоқталып өтті. Сөздерінше, осындай жарнамалардың кесірінен елімізде құмар ойыншылардың саны өсуде. 

"Бүгінгі күні лицензияланған онлайн казинолардың жарнамасына қойылатын шектеу жоқ. Депутаттар бұған тыйым салған жөн деген бастама көтерген еді, алайда үкімет бұл ұсынысты қолдамады", - деді ҚР мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова. 

Букмекерлік кеңселердің көлеңкелі ойын бизнесі ретіндегі қымзетіне шектей қою үшін тігілген бәсті тіркейтін орталық ашқан дұрыс дейді Райымқұлова. Бұл орталықтың кибершабуылға ұшырамауы үшін тиісті шаралар қолданылады екен. 

"Біз бұл бизнесті қадағалау арқылы мемлекеттің бюджетіне келетін табысты өсіреміз. Ойын индустриясының бұл түріне шектеу қойылмайтынын тағы да айтқым келеді. Біз оны өз бақылауымызға алып отырмыз. Букмекерлік кеңселердің көлеңкелі кірістері енді ашылады. Біз тек халықаралық тәжірибеге сүйеніп, ойын индустриясын реттегіміз келеді. Қаржы министрі барлығын есептеп қойған", - деді мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин.

Заң жобасын құрастырғандар осылайша ойын бизнесінің заңсыз кіріс көзі реттеліп, оның ел аймағындағы қызметі бақылауға алынады. Алайда аталмыш заңнама тек бірінші отырыста мақұлданыпты. 

Талқылау