Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Өткен аптаның қандай жаңалықтары ел есінде қалды?

Белгілі боксшы, Олимпиада чемпионы Серік Сәпиев бала күтіміне байланысты декреттік демалысқа кетті. Танымал спортшының бұл шешіміне не түрткі болды? Елімізде 17 тамыздан бастап карантин шаралары жеңілдетілді. Коронавирус инфекциясына қатысты ағымдағы ахуал қалай? Пандемия уақытында Қазақстандағы жұмыссыздар саны 8 есеге өскен. Ал, бір төлемдік 42 500 теңгеге шенеуніктер бір айы бойы өмір сүре ала ма? Төтесінен тілшілер тарапынан қойылған сауал ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрін састырды. Серік Шапкеновтың жауабы қандай? Соңғы күндері Айсұлтанның Назарбаевтың қазасы біраз қазақтың қабырғасын қайыстырды. Марқұм інісіне Нұрәлі Әлиев жүрекжарды жазбасын арнап, інісінің сирек кездесетін суреттерін желіге жүктеді. Осы аптаның айтулы ақпараттарын Stan.kz тілшісінің дайындаған материалынан оқи отырыңыздар.

Шілде айының алғашқы аптасында күшейтілген карантин шаралары 17 тамыздан бастап жеңілдетілді. Мемлекеттік комиссия жергілікті әкімдердің жоспарын, денсаулық сақтау министрлігі мен басқа да ведомоствалардың ұсыныстарына ескере отырып, елдегі шектеулерді кезең-кезеңімен алып тастау туралы шешімді құп көрген еді. Қазіргі таңдағы ахуалды ҚР денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі хабарлады.

«Мемлекеттік деңгейде қабылданған шаралардың нақты нәтижесі туралы айтатын болсақ, коронавирустық инфекцияның таралуы күннен күнге төмендеп келеді. Сәйкесінше медициналық мекемелердің жүктемесі азайып жатыр. Мұндай жағымды нәтижелер еліміздің барлық өңірінде байқалады. Бірақ жағдай жақсарды екен деп, сақтық ережелерін бұзуға әрине болмайды!» - деді Бағдат Қожахметов.  

Карантин кезеңі аяқталғанмен, арқаны кеңге салудың қажет жоқ. Мемлекет ойын-сауық, спорттық, отбасылық естеліктер мен той жасауға әлі рұқсат бермеді. Сондай-ақ, бұл тізімде кинотеатрлар мен діни нысандардың қызметі де кіреді және демалыс күндері қоғамдық көліктердің жұмысы тоқтап, сауда орталықтары жабылады!

Пандемия басталғалы еліміздегі жұмыссыздар саны 8 есеге өскен. Бұл туралы министрлікте айтылды. Ал, бір жолғы төлем ретінде табысталған 42 500 теңге ешкімнің жыртығын жамай қоймағаны анық! Аталған сомаға бір ай бойы шенеуніктердің өзі өмір сүре ала ма? Бұл сауалды осы аптада онлайн-брифинг өткізген еңбек және әлеуметтік қорғау вице-министріне тілшілер қауымы төтесінен жолдады. Алғашқыда Серік Шапкенов жауаптан жалтарғанымен, соңында тығырықтан шығар жолды тапты-ау әйтеуір!    

«Мен 42 500-ге өмір сүре алам ба? Менің ойымша, кез келген жағдайда жалақыны жұмыс беруші белгілейді. Егер бұл маман үлкен сұранысқа ие болса, онда неге жұмыс беруші оған 42 500 теңге төлейді?» - деді вице-министр Серік Шапкенов.

Серік Сәпиев не себепті Президент кадрлар резервіне енбеді

Олимпиада чемпионы Серік Сәпиев бала күтіміне байланысты демалысқа кетті. Бұл ақпарат мәдениет және спорт министрлігінің ресми сайтында расталды. Үш қыздың әкесі 12 тамыздан 23 желтоқсанға дейін жұмысынан қол үзбек. Әйгілі боксшы 2019 жылдың қаңтарынан бастап спорт және дене шынықтыру істері комитетін басқарады. Жалпы, декреттік демалысқа кетуге ер азаматтардың бел бууы біздің елде үйреншікті жағдай емес. Арнайы жүргізген сауалнамада бұл тақырыпқа қатысты бүгінгі жастардың пікірін білген едік.

«Мен оған оң көзбен қараймын. Себебі баланың ата-анасы ретінде анасың да, әкесінің де жауапкершілігі оған ортақ. Егер отбасында біреу жұмыс жасау керек болса, онда қайсының жұмыс жасауы маңызды емес деп ойлаймын. Ең бастысы баланың күтімі жақсы болса, отбасы материалдық тұрғыдан жақсы қамтамасыз етілсе, әйел де, еркек те тең құқылы. Декреттік демалыс ала алады деп ойлаймын», - дейді Аяжан Мырзагелді есімді Алматы қаласының тұрғыны.

«Меніңше, баланы бәрібір де анасы қараған дұрыс. Жұмысты негізі ер адамның істегені дұрыс деп ойлаймын», - дейді Әбілхайыр Орман атты Алматы қаласының тұрғыны.   

Сонымен қатар, осы апта Қазақстан халқы үшін қаралы хабардан басталды! 16 тамызда Айсұлтан Назарбаев көз жұмды. Өмірінің соңғы сәттерін Лондонда өткізген ол, таяуда 30 жасқа толар еді. Өлім себебінің алдын ала нұсқасына сүйенсек – жүрегі тоқтап қалған! Күні кеше марқұмның ағасы Нұрәлі Әлиев інісің сирек кездесетін суреттерін желіге жүктеп, мәңгілікке қоштасты!

«Жаның жәннатта болсын, Айсұлтан», - деді Дариға Назарбаеваның үлкен ұлы инстаграм парақшасында. 

Талқылау