Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Өтірік құрылтайшылар мен жалған қолтаңба": Сот Перизат Қайрат құрған қорды таратты

Астана соты әділет департаментінің "Biz Birgemiz Qazaqstan 2030" қоғамдық бірлестігін тарату туралы талап арызын қарады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: Instagram Перизат Қайрат

Іс материалдарына сәйкес, аталған заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу 2021 жылдың 11 қазанында жүргізілген.

"Бірлестіктің құрылтайшылары 10 адам. Олардың аты-жөні құрылтай жиналыстарының хаттамасында көрсетілген. Оның ішінде Перизат Қайрат бар. Қылмыстық істі тергеу барысында қолжазба сараптамасы жүргізілді. Оған сәйкес құжаттардағы 10 құрылтайшының 9-ының атынан қолтаңбаны Перизат Қайрат өзі қойған", – делінген сот хабарламасында.

Заңды тұлға Азаматтық кодекстің 49-бабына (Заңды тұлғаны тарату негiздерi) сәйкес, заңды тұлға оны құру кезінде жіберілген, жойылмайтын сипаттағы заң бұзушылықтарға байланысты жарамсыз деп танылған жағдайда сот шешімі бойынша таратылуы мүмкін.



“Жоғарғы Соттың (Соттардың салық заңнамасын қолданудың кейбір мәселелері туралы) нормативтік қаулысының 12-тармағына сәйкес, заңды тұлғаның басшысы мен құрылтайшысы, оны құруға қатысы жоқ жеке тұлға көрсетіліп, тіркеу заңды тұлғаны тарату үшін негіз саналады. Бірлестік құру кезінде анықталған бұзушылықтарды ескере отырып, сот "Biz Birgemiz Qazaqstan 2030" үкіметтік емес ұйымын мәжбүрлеп тарату туралы шешім қабылдады", – делінген сот хабарламасында.

Шешім заңды күшіне енген жоқ.

Айта кетейік, бұған дейін Перизат Қайраттың Biz Birgemiz қоры мәжбүрлі түрде таратылатыны туралы хабарлаған едік. 

Еске салайық, Перизат Қайратқа мүгедек балаларға арналған орталық салуға жиналған 22 миллион теңгені жымқырды деген айып тағылған еді. 

“Biz Birgemiz” қорының басшысы Перизат Қайрат су тасқынынан зардап шеккендерге жиналған 1,5 миллиард теңгені жымқырды деген күдікке ілінген еді. 

Қаржы мониторингі агенттігінің мәліметінше, қайырымдылыққа бөлінген қаржының негізгі бөлігі қымбат сән бұйымдары мен жылжымайтын мүлікті сатып алу мақсатына пайдаланылған. Биыл көктемде ол елордадағы автосалоннан 88 миллион теңгеге "Mercedes-Benz S450", 80 миллион теңгеге "Lexus LX-600" және 39 миллион теңгеге "Haval" автокөліктерін сатып алған. 

Талқылау