Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Отбасын бұзған мен емес: Гүлнұр Оразымбетова күйеуінің алғашқы әйелінен өз еркімен кеткенін айтты

Гүлнұр Оразымбетова өзінен 21 жас үлкен Серікбай Нұрғисаевқа бір көргеннен ғашық болғанын айтады. Алайда әнші отбасылы азаматпен күндердің күнінде шаңырақ көтеремін деп ойламаған. Айтуынша, күйеуі бірінші әйелінен өз еркімен кеткен. Бұл ретте Оразымбетова өзін үнемі айыптайтын жандарға “отбасын бұзушы адам мен емеспін” деп жауап берді.

Отбасын бұзған мен емес: Гүлнұр Оразымбетова күйеуінің алғашқы әйелінен өз еркімен кеткенін айтты

Бұл туралы “Астана” арнасының “Мақпал мекен” жобасына сілтеп Stan.kz хабарлайды.

Көпшілік Оразымбетова өзінен әлдеқайда үлкен әрі лауазымды азаматқа ақша үшін тұрмысқа шықты деп ойлайтын көрінеді. Алайда әнші оның себебі тек қана махаббатта деп сендірді.

“Ол кезде мен материалдық жағдайды ойлайтын жаста емеспін. Мен әлі баламын. Қанша адам болса, сонша пікір бар. Ол махаббатты, сезімді, жауапкершілікті жолдасым екеуміз ғана білеміз. Оны көпшілікке бәрін ашып айта бермейсің ғой. Ол кісінің ең бірінші мені баураған қасиеті – менің ол кісіге деген таза, балалық сезімімді ол кісі дөп баса білді, сезе білді. Ол кісіні баураған менің бойымдағы қасиет – ол өнер болды. Бірінші кезекте, ол кісі менің өнерімнен бұрын, тазалағыма ғашық болды деп ойлаймын. Сондықтан да сол жауапкершілікті ол кісі мойнына азамат ретінде ала білді, және де соны мойнымен әлі де көтеріп келеді. Ондай кісіге күнде ән арнасам да артықтық етпейді”, – дейді Оразымбетова.

Серікбай Нұрғисаевқа ғашық болғанымен, әнші оған тұрмысқа шығамын деп ойламағанын айтады. Айтуынша, екеуінің бас қосуына тағдыр мен айналадағы адамдардың өзі себеп болған.

“Біз ресми түрде некеге тұрамыз, өмірге балалар келеді деп ойлаған жоқпын. Солай маңдайға жазылды, солай болды. Бірақ бірінші күннен бастап мен олай ойлаған жоқпын. Ол мені қалауым болды деп айта алмаймын. Себебі ол кісінің отбасы болды, ол бөлек әңгіме. Бірақ енді Алла Тағала жолын алып келген сияқты. Бұл жерде тек екі адам себеп болмайды, кәдімгідей біраз адамның себебімен болды. Мені мен жолдасымның шешімі ғана болған жоқ. Бірнәрсеге бірнәрсе себеп болып, оның арты гүлденіп, жан-жағына әдемі иісін де шығарып, жағымсыз иісін де шығарып, түрлі жағдайлардан өткеннен кейін барып қабылданған шешім. Ол кісі менімен бір шаңырақ астында тұруға шешім қабылдайды деген ой үш ұйықтасам түсіме кірген жоқ. Оған мен өзімді кінәлай алмаймын. Көпшілік қауым ер азамат отбасынан кеткенде, мені кінәлайды ғой”, – дейді Гүлнұр.

Сондай-ақ, Оразымбетова күйеуінің бірінші отбасынан өз еркімен кеткенін, алғашқы жанұяға да бүгінде бар жағдай жасалып отырғанын мәлімдеді.

“Ол жақтың да жағдайы жақсы, ол жаққа да мүмкіндік жасалып отыр. Тек қана ол жақтан күтілген нәрсе кешірімділік болатын. Дүние бүлініп, аспан жерге түсіп кеткен жоқ. Тек мен жақтан болса түсінемін. Болды, тек менімен өмір сүресің деп өзімді алға итермелесем, әңгіме басқаша болар еді. Ондай дүние болған жоқ қой . Бұл жерде ол кісінің бұрынғы отбасымен әңгімесі өзімен өзі. Итермелеп алып келді. Мен қазбалап, неге олай болды деп ол жақтан сұрай алмаймын. Ол әңгіме екеуінің арасында ғана болған дүние, екеуінің шешімі. Мүмкін ол өз отбасынан кеткеннен кейін маған да қосылмаған болар ма еді? Бұл жерде басты кейіпкер, басты отбасын бұзушы менмін деп айта алмаймын”, – деп ағынан жарылды ол.

 

Талқылау