Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Бәріміздің басымыз қосылғанына қуаныштымыз": Қостанайлық отбасы су тасқынынан соң отбасымен қауышатын болды

Тайбур Көкішев – су тасқынынан зардап шеккендердің бірі, бес баласымен далада қалған көпбалалы әке. Сондай-ақ Айтқұл ауылының тұрғыны оқу басталғанда балаларынан ажырап, оларды көрші ауылда оқытуға мәжбүр көрінеді. Сол себепті әкімдік отбасының алдағы уақытта бірге тұруына жағдай жасап, Арқалық қаласынан үй алып беруді шешкен. Қиындықтың арты қуанышқа ұласқанына Тайбур Көкішев дән риза. Stan.kz тілшісі Қостанай облысы Амангелді ауданының тұрғынымен тілдесіп, қазіргі жағдайын біліп көрді. 

Фото: Тайбур Көкішевтің жеке архивінен

Балаларымызды көрмей, жанұямыздың басы қосылмайтын..

Қостанай облысы Амангелді ауданында су тасқынынан зардап шеккен 165 отбасының бірі – Тайбур Көкішевтің отбасы. 

"Үй, мал мен қора, ыдыс – бәрі суға кетті. Су тасқыны бізді мал-мүліксіз қалдырды, бірақ, басымыз аман", - дейді ол.

қостанай

Тайбур Көкішев ес білгелі Айтқұл ауылында тұрады. Осы жерде жеке шаруа қожалығын басқарған. Ауылда мектеп болмағандықтан, мектеп жасындағы 4 баласы Байғабыл деген көрші ауылда білім алады. Үлкен қызы 10-сынып, екіншісі 7-сынып, одан кейінгілері 6 және 3-сыныпта оқиды екен, ал кенжесі балабақшаға барады. 

Айтуынша, бұл ауылдан шаруашылық қожалығына өзендермен өтсе, 3 шақырым жүру керек, ал тас жолмен 7 шақырым еңсеруге мәжбүр болады. 

қостанай

“Сабақ басталса, қиындыққа тап боламыз. Оларды Байғабылда тұратын ағамның үйіне апаруға тура келеді, бүкіл оқу жылын сонда өткізеді, қасымызда болмайды. Әйелім екеуміз балаларды алаңдап жүреміз”, – деді Көкішев.

Су тасқынынан кейін әкімдік оларды киіз үймен қамтамасыз етіп, жарық үшін мотор берген. Осыдан кейін Арқалық қаласына көшуді ұсынған екен. Ер адам бұл ұсынысқа бірден келіскенін айтады. Қазір олар отбасымен үйдің салынып біткенін асыға күтіп отыр. 

қостанай

Балаларымыздың болашағы үшін бардық..

“Мұндай қадамға балаларымыздың болашағы үшін бардық. Себебі әрқайсысымыз әр жерде жүріп, басымыз бірікпей қалды. Өте қиын. Сондай-ақ қалада жаңашылдық бар, интернет қолжетімді, балалардың сапалы білім алғанын қалаймыз. Бізге жұмыс табылады, бастысы балаларға ыңғайлы болатынына қуаныштымын. Енді оқу басталған кезде ешқайда кетпейді, басымыз бірігетін болды”, – деді айтқұлдық тұрғын. 

Сөзінше, енді қалаға көшсе, балаларына түрлі үйірмелер мен секцияларға қатыстыруға ниетті. Одан бөлек отбасымен бірге түрлі мәдени орындарға, киноға жиі барып тұра аламыз дейді.

қостанай

“Бізге қолдау көрсеткен мемлекетке алғыс білдіреміз. Қаладағы өміріміз берекелі де бақытты болады деген ниетіміз бар", – деді ол.

Амангелді ауданы әкімінің орынбасары Сүндет Ғаниевтің айтуынша, оларға ауданы 80 шаршы метрлік 3 бөлмелі пәтер беріледі. Кілт қыркүйекте табысталады.

“Амангелді ауданы бойынша барлығы 165 адам зардап шеккен. 94 отбасыға баспана беріледі. Арқалық қаласына 20-ға жуық адам қоныс аударып, сол жерден баспана алып жатыр. Оның 9-ы өз бетінше сатып алу-сату шартын жасайды”, – дейді ол. 

Бүгінде Амангелді ауылында тағы 27 тұрғын үй салынып жатыр екен.

Талқылау