Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

“Отбасымызбен атқа құмармыз": Түркістанда көкпар тартқан көп балалы ана жұртшылықты тәнті етті

Түркістанда көкпардан дес бермейтін көп балалы ана тұрады. Ол өзінің отыз жасына дейін біршама олжаны қанжығасына байлаған, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі 31 арнаның “Информбюро” жаңалықтар бағдарламасы. 

“Әкем алдына мінгізіп, үш жасыма дейін атқа үйретті. Бес жасымда өзім міне алатын болдым. Кейін әкем ұлдар секілді мені кішкентайымнан көкпарға тәрбиеледі. Осы күнге дейін Алланың бергені сол – жылқымен айналысамыз”, – деді Адолат.

Көкпаршы келіншек 30 жасында аудандық бәйгеде қанжығасын майлаған. Кейін де шабандоздың еншісіне талай жеңіс бұйырған. 

6 перзент сүйген көп балалы ана отбасы ошақ қасынан бөлек, ағылшын жылқысын баптап, бие байлап отыр. Отағасы Халық Әбішев те үнемі қолдау білдіреді екен. 

“Отбасымызбен атқа құмармыз. Мен үшін бұл үлкен қуаныш. Қыз бала болсын, ұл болсын, атқа мінгені жақсы”, – деді Халық Әбішев.

Қазір бұл отбасы Созақ ауылының маңынан жылқы фермасын ашып, көкпарға ат баптайды. Ұлдары да аттың құлағында ойнайды. Ерлі-зайыптылар болашақта ауыл балаларын баулып, бәйгеде шабатын нағыз шабандоздарды тәрбиелеп шығаруды армандайды.  

Талқылау