Отбасы банктің Ипотека академиясына 100 мыңнан астам қазақстандық тіркелді
Әр қазақстандық баспаналы болуды армандап, оған жетудің жеңіл жолын іздейді. Осы ізденіс кезінде отандастарымыз жалған ақпаратқа ұрынбай, түсінікті тілмен сөйлейтін мамандар пікірін біліп, қаржылық сауатын арттыруы үшін Отбасы банк әлеуметтік желіде Ипотека академиясын құрды. Қазірдің өзінде 24 сабақ жүктелген академияның алдағы жоспарларымен, аз уақыт ішіндегі жетістіктері туралы Stan.kz тілшісі біліп қайтты.
Ипотека академиясы – қаржылық сауаттылықты жақсартуға арналған бейнероликтер сериясы. Отбасы банк қызметкерлері тұрғын үй құрылысы жинақтары, қарыздардың түрлері, мемлекеттік сыйлықақы, бағалау көрсеткіші, алдын ала мақұлдау, кредиттік тарих туралы ақпаратты қарапайым тілмен жеткізеді. Жыл басында бастау алған жоба қазірдің өзінде 705 мыңнан астам көрерменді қамтып отыр.
Банктің Youtube арнасындағы тағы бір айдар "Артық сөзсіз" деп аталады. Мұнда банк қызметкерлері клиенттердің тұрғын үй алуға қатысты ең өзекті сұрақтарына жауап береді. Ал "Өзіміз шәй ішейік" және "По домам" подкасттарында банк қызметін қолданып, үйлі болған азаматтар армандарын қалай орындағанын баяндайды.
Жоба авторларының бірі, Отбасы банктің Сату және өңірлік даму департаментінің бас маманы Мақсат Заитовтың айтуынша, бастапқыда команда арнайы түсірілім тобымен жұмыс жасап көрген. Кейін банк қызметкерлерінің өздері сценарий жазып, оператор болып, монтаж жасап, барлық істі өз мойындарына алған.
"Ең алғаш Отбасы банктің Ақтөбедегі филиалына жұмысқа тұрдым. Сол жақта жүргенде банк ұйымдастырған түрлі жобаларға қатысып, үнемі банк өмірінде белсенді қатысуға тырыстым. Банк те өз тарапынан белсенді қызметкерлерге арнайы семинар, курстар ұйымдастыратынМен ешбірінен қалмай қатысып, соның арқасында қызметім жоғарылап, осы Алматыдағы бас кеңсеге ауыстым", – дейді Мақсат Заитов.
Оның айтуынша, Youtube арнасында ақпарат тарату тұтынушылардың уақытын үнемдеп қана қоймай, банк қызметкерлерінің де жұмысын жеңілдеткен.
"Бұрын туыстарым, достарым ипотека және үй алу жолдары туралы сұрақтарды жиі қоятын. Мен бір сұраққа қайта-қайта жауап беретінмін. Қазір оларға біздің банктің Youtube арнасының сілтемесін жіберемін. Сол жерден көріп, барлығын түсініп ала алады. Екінші жағынан, бұл біздің call-орталыққа түсетін қоңырауларды да азайтты деп ойлаймын. Себебі адамдар қандай да бір ақпарат білгісі келсе, ең алдымен Youtube-ті ашып қарайды, ол жерде ақпарат толық болмаған жағдайда ғана банкке хабарласады. Тағы бір айта кетерлігі, халыққа шынайы ақпарат беру арқылы біз оларды алаяқтардың арбауынан қорғаймыз", – дейді Мақсат Заитов.
Қазір Мақсат командасымен бірге үй алу мәселесінде көрермендерді мазалайтын ең маңызды тақырыптарға арнайы сценарий жазып, банктің Youtube арнасына жариялап жүр.
Отбасы банкі басқарма төрағасының орынбасары Нұрлан Ақшановтың айтуынша, әлеуметтік желі арқылы халықпен байланыс орнату өте жеңіл әрі тиімді. Себебі қазір көпшілік ақпаратты бірінші кезекте интернеттен алады. Банк қызметкерлері Youtube арнасын тұрақты жүргізу туралы идеямен келгенде басшылық бірден қолдау көрсетіп, қажетті жабдықтармен қамтамасыз еткен.
"Біздің қазақ және орыс тілдеріндегі 24 роликтен тұратын курсымыз 24 сағат қолжетімді. Бірінші кезекте бұл тегін берілетін ақпарат. Біз оны халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру, өнімдерімізді одан да қолжетімді ету үшін іске қостық. Бұл тұрғын үй мәселесін делдалсыз дербес шешуге мүмкіндік береді", – дейді Нұрлан Ақшанов.
Youtube арнасында тұрғын үй құрылысы жинақтары жүйесінің артықшылықтары туралы, аралық қарыз алу туралы және қажетті ұсыныстарды тауып, бірден несие рәсімдеуге болатын "Баспана маркет" маркетплейсі туралы ақпараттар ең көп қаралым жинаған.
Нұрлан Ақшановтың айтуынша, қазір қаржылық сауаттылықты жақсартуға қатысты бейнероликтер түсірілімі жалғасуда. Бұдан бөлек, Отбасы банк Ninety One тобымен бірге қазақстандықтарға жаңа видео роликтерді ұсынбақ. Музыканттар қаржылық сауаттылық туралы ойлары және тәжірибелерімен бөлісіп, бюджетті дұрыс қолдану жолдарын көрсетеді.
Айта кетейік, Отбасы банктің Youtube-те белсенділігін арттыруы қазақстандықтарға қатты ұнаған. Соның арқасында банк парақшасына әп-сәтте 100 мыңнан астам адам жазылып, соған байланысты Youtube Отбасы банк арнасына "Күміс белгі" табыстады.