Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Отандық шоу-бизнес өкілдерінің бюджеттен қанша қаламақы алатыны белгілі болды

Мәдениет және спорт министрлігі "Ашық НҚА" порталында мемлекеттік концерттерде өнер көрсеткені үшін отандық әртістердің гонорары туралы құжат әзірлеп, жариялады. 

Құжат "Бюджет қаражаты есебінен қаржыландырылатын Қазақстан Республикасындағы және шетелдегі мәдениет саласындағы әлеуметтік маңызы бар іс-шаралар мен мәдени іс-шараларды өткізуді қаржыландыру қағидалары мен қаржыландыру нормативтерін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің 2023 жылғы 16 ақпандағы № 51 бұйрығына өзгерістер енгізуге бағытталған.

Аталмыш құжатта Димаш Құдайберген, Роза Рымбаева, Райым Бақтыгереев, Мирас Жүгінісов, Жанар Дұғалова сынды әншілердің  мемлекеттік мәдени іс-шараларда өнер көрсеткені үшін қанша қаламақы алатынын көрсетілген. 

Мысалы, Димаш Құдайбергеннің қаламақысы 10 миллион теңгеден басталса, Қазақстанның Еңбек Ері Әлібек Дінішев, Қазақстанның халық әртісі Роза Рымбаева мен әйгілі скрипкашы Айман Мұсаходжаеваның мемлекеттік концерттерде өнер көрсеткені үшін 5 миллион теңгеден жоғары қаламақы алады. Ал жас әнші Мирас Жүгінісовтың гонорары 5,5 миллион теңгеден басталады. Дастан Оразбеков, Жанар Дұғалова, Алтынай Жорабаева, Мәди Рымбаев, Әлішер Кәрімов 1,5 миллион теңге қаламақысы төленсе бюджет есебінен өтетін кез келген мәдени шарада өнер көрсетеді. Әли Оқапов пен Райым Бақтыгереевтің қаламақы мөлшерлемесі 2,5 миллион теңгеден жоғары. 

Құжат авторларының айтуынша, қазақстандық "жұлдыздардың" өнер көрсетуі іс-шараның бюджетіне елеулі әсер тигізбей қоймайды. Және нормативтерді: Еңбек Ері мен халық әртістері жағдайында – жоба құнының жалпы сомасынан 10%-дан 25%-ға дейін, Еңбек сіңірген әртістер мен Мемлекеттік сыйлықтың лауреаттары жағдайында – 7%-дан 20%-ға дейін ұлғайтуды ұсынады.

Талқылау