"Осы уақытқа дейін 20 рет өзіме қол салмақ болдым": Әнші Жанар Хамитованың күйеуі дінге беріліп, талақ айтқан
Нұржан Керменбаевпен "Арнау" тобында ән айтқан Жанар Хамитованың қазіргі тағдыры қандай? Әнші сахнаға қайта орала ма? Бұл жайлы Жанардың өзі баяндады.
Бұл туралы "Астарлы ақиқат" бағдарламасында айтылды, деп хабарлайды Stan.kz.
Жанар Хамитованың айтуынша, ол осы уақыт аралығында шетелде тұрған. Өзінен үлкен, ажырасқан азаматқа тұрмысқа шыққан.
"Мен күйеуіммен танысқан соң екі сағаттан кейін тұрмысқа шығуға келісім бердім. Ол кезде өзіме қамқоршы адам іздеген шығармын. Тұрмысқа шықпағанымда, жаман жолға түсер ме едім. Сондай кезеңде жүрдім. 30 жасыма дейін 20 рет өзіме қол салуға ұмтылдым. Ақшаның жоқтығынан оқуымды аяқтай алмадым. Ал, күйеуіммен шетелде тұрдым. 5 жыл бұрын ұрыс-керіс болғаны рас. Мен хиджаб киіп, намаз оқитынмын. Себебі бала сүйе алмадым. Дін жолына келдім. Құдайдан сұрадым. Кейін екі балам өмірге келді. Ал, қазір ажырасып кеттім. Екі балам әкесімен шетелде тұрады. Өзім солай шештім. Бұрынғы күйеуімді жамандағым келмейді. Қазір 42 жаста. 11 жыл бірге тұрдық, бірақ 11 минуттай өтіп кетті. Ол маған өмір сүруді үйретті. Ешкімді жамандағым келмейді. Бұл - өмір", - дейді Жанар.
Бұл ретте Айжан Нұрмағамбетова Жанарды 5 жыл бұрын кездестіргенін айтты.
"Жанар ол кезде тағдырының қиын екенін, күйеуінің дін жолына түсіп, көп нәрсеге шектеу қоятынын айтты. Теледидардың өзін харам дейді екен. Үш рет талақ айтқан екен. Тағдырының қиын екенін айтқан еді, қазір басқаша айтып отыр", - деді әнші.
"Солай болғаны рас, бірақ ол 5 жыл бұрын болған жағдай. Қазір ақыл кіргендей. Әр адам әр кезде әртүрлі ойлайды ғой. Мүмкін мен жолдасымды түсінбеген шығармын. Дінге өзім келдім. Өз еркіммен хиджаб кидім", - дейді Жанар.
Қазір әнші қыз Қазақстанда тұрып жатыр. Өнерден басқа жолда. Алайда шоу-бизнес әлеміне қайта келуді қалайды.