Орташа жалақысы 11 есе көп: Шетелдік сарапшылар Швейцария мен Қазақстанның өмір сүру деңгейін салыстырды
Биыл Қазақстан орташа айлық жалақы бойынша 61-орынға шықты. Numbeo сарапшыларының бағалауы бойынша салықты есептемегенде, "таза" жалақы – 585 доллар яғни 260,8 мың теңге. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Finprom сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Ұлттық статистикалық бюросы елдегі орташа жалақы – 350,5 мың теңге, ал шетелдік сарапшы оны 260 мың теңге деп көрсетті.
Numbeo-нің есебі бойынша Қазақстан 97 елдің ішінде аутсайдерлер тобына кіреді. Еуропа мен Азияның көптеген елдерімен салыстырғанда еліміздегі жалақы төмен.
Швейцарияда салықты есептемегенде орташа жалақы – 6,6 мың доллар немесе 2,9 миллион теңге. Бұл қазақстандықтардың жалақысынан 11,3 есе көп.
Швейцария өмір сүру сапасының индексі жоғары елдердің қатарында, ал Қазақстан бұл рейтингте Нигериямен шамалас. Мұнда өмір сүру құны, қауіпсіздік деңгейі, денсаулық сақтау, экология және тұрғын үйдің қолжетімділігі қарастырылған. Швейцария 185,8 индекске ие және Еуропа елдерінен кейінгі алтыншы орында. Ал Қазақстан көрсеткішінде 96,5 индекс, 84 елдің ішінде 73-орында.
Қазақстан мен Швейцария бір ғана нәрседе ұқсас. Швейцарияда жылжымайтын мүлік құнының табысқа қатынасы 11 болса, Қазақстанда бұл көрсеткіш – 10,9. Бұл ауданы 90 шаршы метрлік пәтерді сатып алу үшін қанша жыл ақша жинақтау керегін көрсетеді. Себебі онда айлық жоғары болғанымен, пәтер алу қиынға соғады. Олардың пәтері Қазақстандағы баспанадан 12 есе қымбат. Алайда Швейцарияда халық 20 жылдық ипотеканы небәрі 2,5 пайызбен алады. Швейцария тұрғындарының 38,2%-да ғана баспана бар.
Швейцариялықтар баспананы жалға алғанды жөн санайды. Цюрихте немесе Женевада бір бөлмелі пәтерді жалдау құны айына 2,2 мың доллар (1 млн теңгеге жуық). Ал Алматыда айына 500–600 мың теңге (1,1–1,3 мың доллар ) кетеді.
Қазақстан мен Швейцарияда балабақша қызметтерінің бағасы да айтарлықтай ерекшеленеді. Еуропалық балабақшада ай сайынғы төлем 2,8 мың доллардан асады. Ал Қазақстанда ата-аналар тек тамақ үшін төлейді.