Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Ұлы әкесінің жолын қуады": Жамбыл облысында мерт болған өрт сөндіру қызметкерінің жұбайы күйеуімен соңғы әңгімесі, естеліктері жайлы айтты

Жамбыл облысындағы оқ-дәрі қоймаларындағы жарылыстардан ерлікпен көз жұмғандардың бірі – жедел кезекші Микропуло Александр Николаевич. Ол Жамбыл облысы ТЖД Өрт сөндіру және авариялық құтқару жұмыстары қызметі басшысының орынбасары болған. Марқұмның әйелі Ольга Владимировна күйеуінің өз ісінің кәсіби маманы, қызметіне адал адам болғанын айтады. Қазақстандықтардан жұбайының жалынмен “күресіп”, ерлікпен мерт болғанын есте сақтауды, құрметтеуді сұрайды. Stan.kz тілшісі Александр Микропулоның жұбайымен тілдесіп, отбасына қандай қолдау қажет екенін білді.

Микропуло Александр Николаевич өрт сөндіру қызметінде 1995 жылы келген. Осы іске бар өмірін арнаған. Қызметі барысында полковник шеніне дейін көтерілген. Жасөспірім кезінен жұмысына берілген, десантта екі жыл қызмет етіп келген. Ведомстволық “Мінсіз қызметі үшін” III, II, I дейгейлі марапатымен (2006, 2008, 2014ж.), “Құтқару операцияларындағы белсенділік танытқаны үшін” төсбелгісін алып (2011, 2015 ж.), “Ерлігі үшін” мемлекеттік наградасын иеленген.

“Жұмысы жайлы көп ашылып айта бермейтін. Себебі жұмысы ауыр еді, сұмдық жайттарды көріп келетін: жарылыстар, түтін, от, өлім... Оның барлық еңбек қызметі ауыр шақыртулармен байланысты, оқиға орнында жарақат алып, денесін талай күйік шалды. Мұнайгаз базасы өртенген кезде денені қорғайтын формадан күйік өтіп кеткен кездер болған. Қолы күйген, бетінде сынықтардан қалған жарақаттар мен тыртықтар бар.

Әртүрлі жағдайлар болды. Соның ішінде өлім аузында қалған оқиғалар да аз болмады. Балаларды құтқарғаны үшін “Ерлігі үшін” медалін алды. Үлкен көлемде тұрғын үйде өрт болды. Бір жолы құтқару операциясына жетекшілік етті, осы жағдайда дұрыс бағалауы мен кәсібилігінің арқасында барлық балалар аман қалды. Әйтпегенде, бір отбасы түтінге уланып, өртеніп кетер еді. Осы оқиғада жоғары деңгейдегі медаль алды”, – дейді жұбайы. 



Айтуынша, соңғы рет күйеуін 26 тамыз күні кезекшілікке шығып бара жатқанда көрген. Бұл Александр Николаевичтің соңғы кезекшілігіне түскен күні еді.

“Ол кезде біз әдеттегі үй тіршілігінің әңгімесін айттық. Жоспар құрып жаттық. Баласы биыл 9-сыныпқа барады. Оны бітірген соң азаматтық қорғау, өрт қауіпсіздігі бағыты бойынша орта деңгейдегі оқу орнына оқуға түсу мүмкіндігін талқыладық. Ұлы әкесінің жолын қуғанын қаладық”, – дейді Ольга Владимировна. 

Айтуынша, қайғылы жағдайды 29 тамызда естіген.

“Барлық қала болып жарылыс туралы ақпаратқа уайымдап отырдық. Сол жаққа кеткенін білдім. Осы трагедияны жоюға тырысып жатқанын түсіндім. Мен ештеңеге уайымдаған жоқпын, оның кәсібилігіне сендім. Ол өз жұмысын барлық бүге-шүгесіне дейін жақсы білетін. 

Соңғы рет желіде 19:39-да болыпты. Әскерилерден көмектесу туралы хабарды естігенде объектке жол жүріп кеткен. Одан кейін ол байланысқа шықпады. Біз оны мазаламайық деп шештік. Себебі оның жұмысының қаншалықты қиын екенін білетінміз. Оған телефон қоңырауына, желілерге бөгелуге болмайды. Күттік. Жұмысын бітірген соң өзі хабарласады деп ойладық. Алайда түні бойы, таңертең де ешқандай хабар болған жоқ. Таңертең сағат 10-да жедел желіге хабарластым. Маған оны жұмыста отыр деп айтты. Осындай үлкен ауыр оқиғалардан соң күйеуімнің жұмысында жиналыстар өтеді, есептер жазылады, барлық істелген шаралар туралы баяндама жасалады. Сондықтан мен бұл кезде де  дүрбелеңге бой алдырмадым. Күттім”, – дейді марқұмның жұбайы.

Айтуынша, бастапқыда күйеуінің ауруханаға түскенін деп хабарласа, кейін із-түссіз жоғалғандар тізіміне қосқан.

“Түскі 12-ге қарай басқармадан зардап шеккендердің тізімінде бар екені туралы хабарлама келді. Ол ауруханада жатыр деп айтылды. Содан соң бұл ақпарат түзетіліп, оны із-түссіз жоғалғандар тізіміне қосты. Осы кезде біз дүрбелеңге салындық, барлық жерден іздей бастадық. Содан соң бізге оның денесі табылғанын, ең алғашқылардың бірі болып мерт болғанын айтты. Қатты күйіп, оқиға орнында көз жұмған екен”, – дейді қара жамылған әйелі. 


Таразда жарылыс болған орыннан фото мен видеолар жарияланды 


Жұмысына үлкен патриорттық сезіммен, жауапкершілікпен, байсалдықпен қарайтын, дейді ол.

“Әділеттілікпен, айбат, қайсарлықпен жұмыс істейтін. Жастарды білгеніне үйретіп жүретін. Қызметкерлері өзін қатты жақсы көретін, сыйлайтын. Қызмет бабында жедел кезекші деңгейіне дейін көтерілді, ведомствосында қол астына барлық Жамбыл облысы кіретін. Қай жерде не болмасын, жұмысының алдындағы борышымен сол жаққа жөнелетін. 

Александр Николаевич тек жетекшілік етіп, сырттан қарап тұрмайтын, әрдайым ең бірінші болып “күресуге” аттанатын.  Жұмысын жақсы көретін, – дейді Ольга Владимировна. 

Александр Николаевич бос уақытында отбасына көңіл бөлетін. Достары, туыстары өте көп, өмірді қатты жақсы көретін. Балық, аң аулаумен бос уақытында шұғылданатын. Соңғы уақытта ол өзінің бөліміндегі жастарды дайындаумен айналысқан. 

Әскери қолданбалы спортты жастарға үйретумен зейнетке шыққан соң да айналыспақ еді. Ол өзінен ергендерді әділетті, батыл етіп тәрбиелейтін еді дейді жұбайы. 

Ольга Владимировна барлық БАҚ осы қайғылы жағдай жайлы хабарлағанын, жазғанын қалайды.

“Ресейлік арналардың өзінде Жамбыл облысындағы оқиға жайлы репортаждар көрсетілді. Біздің ер азамат, батырларымыздың өлімі жадымызда мәңгі сақталғанын қалаймын. Олардың ерлігі, күрес үстіндегі өлімі ел аузында, халық жүрегінде болғанын, әрдайым есте сақталғанын қалаймын. Өлімін ел құрметтесе екен. Олар өлімге лайықты емес еді. Отты ауыздықтауы керек еді...

Қазір бізге Жамбыл облысының әкімі көңіл айту мақсатында келе жатыр. ТЖ басқармасы оқиға орнында жүр, өздерінің қызметкерлерін бізге көмектесуге жіберуде. Бізге нақты қандай көмек көрсетілетінін білмеймін. Жерлеу рәсімін ұйымдастыруға көмек керек. Көп адам жақсы ниеттерін жазып, көңіл айтып жатыр, оларға алғысымды білдіремін”, – дейді ол. 

Талқылау