Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Өрнекке өрілген тарих: Өскеменде «Ғасырлық дәстүрлер» фестивалі аясында жаңа рекорд орнатылды

сайыс
Фото: Шығыс Қазақстан облысы әкімдігі

Өскеменде өткен “Ғасырлық дәстүрлер” халықаралық фестивалінде ұлттық өнер тағы бір тарихи белесті бағындырды. Мәдени шара аясында “Аламан құрақ – 2026” жобасына әлемдік рекорд мәртебесі беріліп, бұл жетістік Global Best of Records кітабына ресми тіркелді. 

Шығыс Қазақстан облыстық этнографиялық музей-қорығының Сол жағалау кешені бұл күні түркі дүниесінің көне өркениеті мен шеберлік мектебін тоғыстырған рухани кеңістікке айналды. Фестиваль аясында ұйымдастырылған қолөнершілер жәрмеңкесі мен шеберлік сағаттарына Қазақстанның үш қаласы мен 17 өңірінен, сондай-ақ Ресей, Қытай, Түркия, Моңғолия, Өзбекстан, Қырғызстан және Татарстаннан келген шеберлер қатысты. Олар ата-бабадан мирас болған ежелгі қолөнер тәсілдерімен жасалған бірегей туындыларын көпшілік назарына ұсынды.

жәрмеңке
Фото: Шығыс Қазақстан облысы әкімдігі

Киіз бен кілемге, құрақ пен кестеге ұлттық таным мен терең философияны сыйдырған шеберлердің туындылары фестиваль қонақтарының ерекше қызығушылығын тудырды. Жәрмеңке тек бұйымдар көрмесі емес, ғасырлар қойнауынан жеткен мәдени жадының көрінісіне айналды.

Мерекелік күннің ең әсерлі сәттерінің бірі – “Аламан құрақ – 2026” жобасына жаңа әлемдік рекорд мәртебесінің берілуі болды. Осылайша, ұлттық өнерге негізделген жоба Global Best of Records халықаралық рекордтар кітабына ресми түрде енді.
 Фестивальдің салтанатты ашылуында сөз сөйлеген ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағанов ұлттық мұраны сақтаудың маңызын ерекше атап өтті.

жәрмеңке
Фото: Шығыс Қазақстан облысы әкімдігі

“Ғасырлық дәстүрлер” – ата-бабадан мирас болған өнерді ұлықтайтын мазмұнды әрі тағылымы мол фестиваль. Бүгін мұнда қолөнер дәстүрін сақтап келе жатқан шеберлер, өнертанушылар, шығармашыл жастар мен ұлттық мәдениетті қадірлейтін жандар бас қосты. Сәндік-қолданбалы өнер мен кілем тоқу – жай ғана кәсіп емес. Бұл – ұлттың рухани болмысы мен дүниетанымын, тарихы мен философиясын өрнек, бояу және символ арқылы жеткізетін тірі шежіре. Шеберлер қолынан шыққан әрбір туынды ғасырлар бойы жалғасқан даналықтың айғағы”, – деді аймақ басшысы.

басшы
Фото: Шығыс Қазақстан облысы әкімдігі

Облыс әкімі Шығыс Қазақстанда креативті индустрияны дамытуға, ұлттық қолөнерді жаңғыртуға және шеберлерге қолдау көрсетуге айрықша көңіл бөлініп отырғанын жеткізді.

Айта кетейік, “Ғасырлық дәстүрлер” халықаралық фестивалі – ұлттық этнографиялық мұраны, сәндік-қолданбалы өнер мен дәстүрлі қолөнерді сақтау және кеңінен насихаттауға бағытталған маңызды мәдени алаң. Сонымен қатар, ол халықаралық деңгейдегі мәдени ынтымақтастықты дамытуға жол ашатын тағылымды жоба ретінде де маңызға ие.

Нұрила Жұмаділлә
Сенбі, 16 Мамыр, 2026 11:54