Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Тоқаев неліктен халықаралық орыс тілі ұйымын құру туралы бастама көтергенін түсіндірді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев "Известия" газетіне берген сұхбатында орыс тілі бойынша халықаралық ұйым құру туралы бастамасын түсіндірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Сурет Ақордадан

Тоқаев орыс тілінің Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының маңызды біріктіруші факторы мен ортақ мәдени-гуманитарлық кеңістігі екенін алға тартты. Одан бөлек, тиімді ынтымақтастықтың табысты болуына бірден-бір себеп осы ТМД елдері халықтарының тілдері мен орыс тілінің үйлесімді әрі теңгерімді дамуы екенін алға тартты. 

"Бүгінде БҰҰ-ның ресми тілдерінің бірі саналатын әрі халықаралық тіл мәртебесіне ие орыс тілі – мемлекеттеріміз арасындағы достық қарым-қатынасқа демеу болатын ұйыстырушы фактор. Сондай-ақ өңірлік кооперацияны, ынтымақтастық пен өзара сенімді нығайтатын пәрменді құрал рөлін атқарып отырғаны жасырын емес. Мұны ешкім жоққа шығара алмайды деп ойлаймын", - деді президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев кезінде француз, неміс, испан және басқа да тілдерді дамыту үшін осындай халықаралық ұйымдар құрылғандықтан, әлемдік тәжірибе орыс тілі жөніндегі халықаралық ұйым құру туралы бастамаға негіз болғанын атап өтті. 

“Мына нәрсеге баса назар аударғым келеді. Орыс тіліне қатысты халықаралық ұйым құру идеясы ТМД елдерінің, соның ішінде Қазақстанның мемлекеттік тіл саясатына балама жасау ниетінен  туған жоқ.  Ұйымның құқықтық субъект ретінде танылуы және оған ТМД-ға мүше емес өзге мемлекеттердің қосылуына ашық болуы маңызды.

Биыл ТМД аумағында Орыс тілі жылы болып жарияланды. Мұның символдық мәні зор. Санкт-Петербург Достастық елдерінің 2023 жылғы мәдени астанасы болды. Ол ТМД елдері арасындағы мәдени байланыстардың нығаюына зор үлес қосты. Бұл ретте екіжақты мәдени-гуманитарлық қарым-қатынастар Қазақстан мен Ресей арасындағы ынтымақтастықтың маңызды бағыты болып қала береді”,- деді президент. 

Мемлекет басшысы қазақ мәдениетін әлемге таныту, сонымен қатар Ресейдің өзіне тән ерекше мәдениетін жақынырақ білу біз үшін маңызды екенін тілге тиек етті.

Талқылау