Оралда жасөспірімдер қызға әлімжеттік жасап, ұрып-соққан
Ішкі істер министрлігі Оралда жасөспірімдер қызға әлімжеттік көрсетіп, шабуыл жасағанын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: pixabay.com
"Орал қаласында әскери бөлімнің 5517-сарбаздары патрульдеу кезінде көмек сұраған айғайды естіп, дереу оқиға орнына жетті. Әскерилер қызға жасөспірімдердің әлімжеттік жасап жатқанын көреді. Ұлттық ұлан сарбаздары бірден әрекет етіп, екі агрессивті жасөспірімді ұстап қалған", – делінген хабарламада.
Қатардағы сарбаз Ғаламат Нұрбергеннің айтуынша, олар қыздың көмекке шақырып, айғай салғанын байқап қалған.
"Сөзге келіп қалған жасөспірімдердің ұрысы төбелеске ұласты. Біз бірден араласып, жанжалды тоқтаттық", – деді ол.
Жәбірленуші қыздың анасы Татьяна Ефремова Ұлттық ұлан сарбаздары дер кезінде келмегенде қызының денсаулығына әлдеқайда ауыр зақым келуі мүмкін екенін айтты. Ол зардап шеккен отбасы атынан 5517 әскери бөлімінің сарбаздарына алғыс білдірді.
"Ұсталған кәмелетке толмаған жасөспірімдер құқық қорғау органдарына тапсырылды. Ал қызға қажет медициналық көмек көрсетілді" – делінген хабарламада.
Еске салайық, бұған дейін Семейде бір топ оқушы қатарластарын аяусыз ұрып-соққаны туралы жазған едік. Семейде кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның отырысы өтіп, жасөспірімдердің қатарластырын ұрып-соғу оқиғасы қаралды. Отырыс нәтижесі бойынша оқиға қатысушылардың барлығын оқшаулау және психологтармен жұмыс істеу үшін девиантты мінез-құлықтары бар балаларға арналған арнайы мектепке жіберу туралы шешім қабылданды.