Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Оралда әйелді катермен қағып өлтірген депутаттың 17 жастағы ұлы түрмеден босатылды

Оралда моторлы қайықпен соғып, 41 жастағы Екатерина Ананьеваны абайсызда өлтірді деп айыпталған 17 жастағы Артём Крылов түрмеден босатылды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі  "Уральская неделя" басылымына сілтеме жасап.

Жас жігіт кетпеу туралы қолхат жазып, босатылды. 

"Тергеу әлі аяқталмағандықтан, мен ешқандай түсініктеме бере алмаймын. Бұлтартпау шарасы қамауға алудан тергеу сотының шешімімен кетпеу туралы санкцияға өзгертілді деп айта аламын", - деді айыпталушының адвокаты Анастасия Литвиненко.

Марқұмның немере әпкесі Людмила Еркінәлиева басылым журналистімен телефон арқылы сөйлескен кезде қазір қалада емес екенін және іске қатысты ешнәрсе білмейтінін айтқан. Ол кез келген әке ұлына көмектесетінін, сондықтан жәбірленушілердің отбасы Артем Крыловтың босатылуына кедергі жасамайтынын айтты.

Еске салайық, қайғылы оқиға 6 маусым күні сағат 22.15 шамасында Орал қаласындағы Шаған өзенінде болған. Екатерина Ананьева бұл уақытта суда шомылып жүрген.

Куәгерлер туыстарына әйелді жоғары жылдамдықпен келе жатқан катер қағып кеткенін айтты. Қайық тоқтамай, оқиға орнынан бой тасалаған.

Құтқарушылар судан тек бассыз денені алып шықты. Бастапқыда марқұмның басы табылғанша оны жерлеуді кейінге қалдырды. Дегенмен, сүңгуірлер басты таба алмады, әйелдің мәйітін жерледі. 

Бұл іске күдікті ретінде Батыс Қазақстан облыстық мәслихат депутаты Валерий Крыловтың 17 жасар ұлы ұсталды.  Депутаттың отбасына тиесілі катердің қозғалтқышынан қаза болған әйелдің шашы мен қаны табылды. Сот күдіктіні қамауға алуға санкция берді.

Валерий Крылов БАҚ-қа ұлының ұсталғанын растады, бірақ содан кейін ол баласының кінәсін жоққа шығарды.

Ал тамыздың ортасында марқұм Екатерина Ананьеваның отбасы айыпталушыны кешіргені белгілі болды. Туыстары ұлының қылмысқа қатысы барын жоққа шығарған депутат кейінірек оларға кешірім сұрап келіп, көмек ұсынғанын айтты.

Сондай-ақ, іс "Қозғалыс қауіпсіздігі немесе теміржол, әуе, теңіз немесе өзен көлігін пайдалану ережелерін бұзу" бабынан "Кісі өлтіру" бабына қайта сараланғаны хабарланды.

Талқылау