Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Орал әуежайына Мәншүк Мәметованың есімі берілді

Орал халықаралық әуежайына Кеңес Одағының Батыры Мәншүк Мәметованың есімі берілді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

әуежай

БҚО тілдерді дамыту басқармасы мәлім еткеніндей, әуежайға М. Мәметованың есімін беру туралы ҚР Үкіметінің 18 наурыздағы қаулысы шықты. Қаулы шыққан күннен бастап күшіне енген. 

"Орал" Халықаралық әуежайы" ЖШС-ға Мәншүк Мәметованың есімі берілсін", –  делінген қаулыда. 

Мәншүк Мәметова 1922 жылы Батыс Қазақстан облысы Бөкей ордасы ауданында дүниеге келген. Әкесінің есімі – Жеңсігәлі (көптеген деректерде Жиенғали деп қате жазылып кеткен), анасы – Тойылша. 

Мәншүкті кішкентай кезінде Жеңсігәлінің немере інісі, белгілі Алаш қайраткері, қазақтан шыққан алғашқы дәрігерлердің бірі, ақын, ағартушы Ахмет Мәметов асырап алады. Анасы Әмина Сүлейменова да – қазақ оқығандарының бірі. 

1938 жылы А. Мәметов "халық жауы" атанып ұсталып кеткеннен кейін Мәншүк әкесін қалайда ақтап аламын деп, майданға аттанған. Содан пулеметші қыз 1943 жылы 16 қазанда қаһармандықпен қаза тапқан. Оған 1944 жылы Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. 

Биыл Батыс Қазақстан облысында Мәншүк Мәметованың 100 жылдығына арналған іс-шаралар өтеді.

Айта кетейік, 2021 жылы қоғам қайраткерлері мен депутаттар аталмыш әуежайға Мәншүк Мәметованың атын беру бастамасын көтерген еді. Кейін сәйкес шешім Батыс Қазақстане облысының облыстық мәслихатында қабылданған. 

Талқылау