"Оператор РОП" компаниясының бұрынғы директоры 13 миллиард теңге жымқырды деген күдікке ілінді
13 миллиард теңгеден астам қаржы жымқырды деген күдікпен "Оператор РОП" ЖШС-ның бұрынғы басқарушы директоры ұсталды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Бұл туралы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мәлімдеді.
"Ол "Жасыл Даму" АҚ өкілі болып табылатын "RecyclingCompany" ЖШС-не заңсыз ақша аударып, пайдаланудан шығарылған көліктерді кәдеге жарату үшін жоғары баға белгілеу арқылы 13 миллиард теңгеден астам сомаға сеніп тапсырылған қаражатты жымқырды деген күдікке ілінді", – делінген хабарламада.
Қылмыстық әрекеттер 2016-2019 жылдар аралығында "Оператор РОП" ЖШС-ның басқа қызметкерлерімен бірге жасалғаны туралы да айтылған.
Сот қаулысымен күдікті қамауға алынды. Оның әрекетіне соңғы құқықтық бағаны сот береді. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес өзге мәліметтер жарияланбайды.
Еске салайық, бұған дейін Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Ахметжан Пірімқұлов пен "Оператор РОП" ЖШС басқармасының төрағасы Медет Құмарғалиев мамандандырылған ауданаралық тергеу сотының санкциясымен екі ай мерзімге қамауға алынғаны хабарланған болатын.

22 жастағы қазақстандық қыздан асқынған сатыдағы қатерлі ісік анықталды: Ол диагнозды жүкті кезінде білген
