Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Оңтүстік Кореяда сотталған 25 қазақстандық азамат жазасын елде өтейді

Оңтүстік Корея түрмелерінде жиырмадан астам қазақстандық жазасын өтеуде. Тағы осынша отандасымыз жасаған қылмысы үшін сот үкімін күтіп жүр. Мәжілістің жетінші шақырылым депутаттары алғашқы отырыстарында шетел түрмелеріндегі отандастарымыздың жайын талқылады.

Бас прокуратурадағылар өзге мемлекетте аяғын шалыс басқан жерлестерімізді біздегі түзету мекемелеріне ауыстыруды ұсынды. Мұны депутаттар қолдады ма?

Елді елең еткізетіндей бұл құжатта тағы не бар? Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.

Жаңа және ескілері аралас мәжілістің жетінші шақырылым депутаттары алғашқы отырыстарын өткізді. Екі сағаттық жиында олар оннан аса заң жобасын пысықтады. Шыны керек, 107 депутат қатарында құжатты қабылдау кезінде қатты қобалжып, өз таңдауын жасай алмағаны да болды.   

«Нәтижесін экранға беріңіздер. Бір депутат әлі дауыс бере алмай жүр. Шешім қабылданды», - деді Нұрлан Нығматуллин. 

Заң жобалары толықтай мақұлданған соң, тұғырға баяндаушылар шықты. Алғашқы болып Мәжіліске бұйымтайын Бас Прокурордың орынбасары Марат Ахметжанов оқып берді. Құзырлы орган өкілі депутаттардан Қазақстан мен Оңтүстік Корея арасындағы өзара қылмыскерлерді алмасу туралы құжатты ратификациялауды сұрады.    

«Қазіргі таңда Кореяда 25 қазақстандық жазасын өтеп жатыр. Бізде Кореяның бір азаматы жазаға тартылды. Ұсынылып отырған келісімге ратификация жасалған жағдайда бұл азаматтарды елге қайтаруға мүмкіндік туады. Олар елге келіп, әлеуметтік ортасында жазасын өтейді», - деді Марат Ахметжанов. 

Марат Ахметжановтың сөзінше, шетелде жүріп, аяғын шалыс басқандарды елге қайтару Конститутциямызда жазылған. Сондықтан, бұл аса маңызды міндет. Прокурор сондай-ақ қос елдің арасындағы бұл келісім қандай жағдайда іске асатынын да айтып берді.

«Егер сотталған адам еліміздің не Кореяның азаматы болып танылса, сот үкімі заңды күшіне енген болса, беру туралы сұрау салу алынған кезде кемінде бір жыл өтейтін мерзімі қалса, жасаған әрекеті екі жақта да қылмыс болып танылса, екі мемлекет сотталғанды өзара беруге келіссе. Осы талаптар сақталмаса, сотталған адам берілмейді», - деді Марат Ахметжанов. 

Оңтүстік Корея түрмесінде  жазасын өтеп жүрген 25 жанның бірі  21 жастағы отандасымыз. 2019 жылдың қыркүйек айында ол Кореяда рұқсаты болмаса да, көлік тізгіндеп, 7 жастағы баланы қағып кеткен еді. Оқыс оқиға кезінде балақайдың 18 жерден сүйегі сынып, басынан зақым алған болатын. Өз айыбын түсінген отандасымыз кейіннен Қазақстанға қашқаны да белгілі болды. Алайда елдегі тәртіп сақшылары оны қылмыс орнына қайтарды. Кореядағы мамандар біздің азаматты айыпты деп танып, 2,5 жылға соттады.

Бүгінде Оңтүстік Кореяда тағы 26 адам түрлі қылмыс жасаған. Демек, олар қазіргі кезде сот үкімін күтіп жүр. Дегенмен, Марат Ахметжанов осы 26 жанның қандай қылмысқа барғандығын ашып айтпады.

Депутаттар Ғизат Нұрдәулетовтың орынбасарынан өзге елдің түрмесіндегілер  біздің түзеу мекемелеріне ауысқанда  жазадан құтылып кетпей ме деп сұрады. Марат Ахметжанов әркім «қолыменен жасағанын мойнымен толықтай көтереді» деген сыңай танытты. Осыдан кейін халық қалаулылары екі ел арасындағы келісімді ратификациялады. Жиында Мәжіліс төрағасы да сөз алып, әріптестерін жақсылап жұмыс істеуге шақырды.   

«Заңдар ең алдымен халықтың өмір сапасын, білім, денсаулық салаларын жақсартуға, әлеуметтік қамтамасыз етуге, шағын және орта бизнесті қолдауға ықпал етуге тиіс. Сондықтан біздің басты мақсатымыз жоспарға сәйкес, өз уақытында халыққа қажетті, пайдалы заңдар қабылдау», - деді Нығматуллин.

Қазақстандықтардың көбі Оңтүстік Кореяға нәпақа табу үшін баратыны жасырын емес. Тексеріс кезінде олардың біршамасында аталмыш елде ұзақ уақыт өмір сүруге, еңбек етуге құжаттары да болмай шығады. Ашық ақпарат көздерінде бүгінде Кореяда 11 мың отандасымыз күн көріп жүргені келтірілген.

Талқылау