"Өнеріңді ауылда жүріп-ақ дамыт". Қарақат Әбілдина өнерге қадам басқан шағын еске алды
Белгілі әнші Қарақат Әбілдина көпшілікке үлкен ағасын таныстырды. Өнер иесінің айтуынша, ол – қарындасының өнер жолына түсуіне бірден-бір ықпал еткен адам, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

©instagram.com/karakat_a
Әнші Instagram-дағы парақшасына Қызмет есімді ағасының ән шырқап отырған сәтін жүктеп, бала кезіндегі естеліктерімен бөлісті.
Бұл менің ең үлкен ағам Қызмет. Домбыра тартпаса да, “әу” дейтіні бар. 5-сынып оқып жүрген кезім ғой деймін, өнерге талпынып-ақ жүрген шағым. Ол кезде Жезқазған облыс болатын. Дарынды балаларды іріктеу мақсатында Алматы қаласында сайыс өтті. Жаңаарқа ауданынан мен, жалпы Жезқазған облысы бойынша 6 бала аттандық. Мазмұндама, шығарма, мәнерлеп оқу, ән айту, жан-жақты 3 күн өнер сайысы өтті. Жеңімпаздардың тізімін үшінші күні кешке ілді. Ұзын тізімнің арасынан Жезқазған облысы “Абильдина Қарақат” дегенді көзім шалды. Нәтижесінде біздің облыс бойынша әлгі 6 баланың ішінен мен ғана өткен екенмін”, – деп жазды Қарақат.
Әншінің айтуынша, өнер жолына түсу үшін ата-анасынан жыраққа кетуіне тура келген.
“Сөйтіп, Алматы қаласындағы 2-ші қазақ тілі мен әдебиетін тереңдетіп оқытатын мектеп-интернатқа тегін оқуға жолдама берді. Жолдаманы алып желкілдеп, қуанышым қойныма сыймай құрақ ұшып ауылға жетемін. Ата-анам, әрине, қуанды, бірақ жырақта оқуыма бірден қарсы болды. “Үлкен қала, қыз бала, жоо-жоқ, өнеріңді ауылда жүріп-ақ дамыт” деп не керек, қолдамады. “Бармайсың!” деді бір сөзбен. Айтарға тіл жоқ. Көңілім түсті. Мектептің басталуына 10 күндей ғана қалған…”, – деп жалғастырды ол.
Өнер иесі сол сәтте үлкен ағасының көмегі мен сенімі көп нәрсені өзгерткенін айтты.
“Сөйтіп отырғанда ауылға қаладан осы Қызмет ағам келе қалады. Менің су сепкендей басылып, салпиып отырған түрімді көріп, мән-жәймен таныс болған соң, үйдің үлкені ғой, әкем мен анама: “Осындай талабымен, талантымен тегін оқуға шақырылып тұрған баланың бағын неге байлап отырсыздар? Рұқсат беріңіздер. Мен өзім жеткізіп салам, көзбен көріп, орналастырып, тәрбиешілеріне табыстап, тапсырып келемін” деп ақыры көндіреді. Сол кеште менің тағдырым күрт өзгеріп шыға келеді. Бір пакет киімімді жинап, екеуміз жолға шықтық. Қалаға келдік. Әуелі Алла, одан соң осы ағамның арқасында қайнаған өнердің ортасына топ ете түстім емес пе?!” –деп бастан өткен оқиғасымен бөлісті әнші.