"Өлтіріп, көмеді, өртейді, зорлайды": Алматы облысында ағайындылар мысық пен иттерді азаптап келген
Алматы облысындағы Панфилов ауылының тұрғындары қараусыз қалған ғимараттан өртенген мысықтар мен иттердің мәйіттерін тапты. Олардың айтуынша, бұл ағайындылар төрт аяқты жануарларды бірінші рет өлтіріп тұрған жоқ. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Ақпарат, оқиға орнынан түсірілген видеолар әлеуметтік желілерде пайда болды. Animal security қоғамдық қоры мен Панфилов ауылының тұрғындары қараусыз қалған ғимаратты тексеріп, жануарлардың мәйіттерін тапқан.
"Ғимарат мектеп пен ойын алаңының жанында орналасқан. Бізді үрей биледі, айтуға сөз жоқ. Иттер мен мысықтардың мәйіттерін, жануарлардың қабірлерін, балаларға арналған тұзақтарды таптық! Балалар мен ауыл тұрғындарының айтуынша, бұл үнемі болып тұрады. Балалар иттердің ұлыған дауыстарын естиді, ауылдың екі тұрғынының жануарларды өлтіріп, көміп, өртеп, зорлап жатқанын көреді. Сондай-ақ, олар балалар мен әйелдерді қорқытады. Әйелдерге қоқыс лақтырады, бірге саябаққа баруға шақырады. Балаларға тас лақтырады, тұншықтырады. Неліктен ауыл тұрғындары мен жануарлар зардап шегуі керек?", - делінген жазбада.
Алматы облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі бұл жағдайға қатысты түсініктеме берді. Департамент жануарларға қатыгездік жасаған екі ер адамның ұсталғанын атап өтті.
"Осы жылдың 14 қарашасында Панфилов кентінің 23 жастағы тұрғыны Талғар аудандық полиция басқармасының кезекші бөліміне ауылдарындағы біреулер қаңғыбас иттер мен мысықтарды мазақ етіп, оларды азаптап өлтіргені туралы арызданған. Қабылданған шаралардың нәтижесінде бір тәулік ішінде Талғар АІІБ учаскелік полиция инспекторы полиция аға лейтенанты Нұрсұлтан Серікұлы екі ағайынды, 29 жастағы және 37 жастағы жергілікті тұрғындарды анықтап, ұстады. Олар кемінде он мысық пен итті азаптаған. Екі ағайынды психоневрологиялық мекемеде есепте тұр", - деп түсіндірді Алматы облысы ПД-де.
Аталған факті бойынша Қазақстан Қылмыстық кодексінің 316-бабының 2-бөлігі "Жануарларға адамдар тобымен жасалған қатыгездік" бойынша сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр. Облыстық ПД мәліметінше, қазіргі уақытта оларды арнайы психикалық денсаулық орталығына орналастыру мәселесі шешілуде.